Жаңадан сайланған сенат депутаты Гүлмира Кәрімова өмірден озды
Жарияланған күні:
Жаңадан сайланған сенатор Гүлмира Кәрімова 45 жасында өмірден өтті. Бұл туралы сенаттың баспасөз қызметі ресми Telegram-арнасында хабарлады.
"Бүгін түнде жаңадан сайланған сенатор Гүлмира Кәрімова 45 жасында кенеттен қайтыс болғанын қайғыра хабарлаймыз. Оған алдын ала "анафилаксиялық шок" деген диагноз қойылып отыр. Парламент сенатының депутаттары мен аппараты Гүлмира Раинбекқызының туыстары мен жақындарына көңіл айтады", - делінген сенаттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кетейік, 14 қаңтарда өткен сайлаудың қорытындысы бойынша Гүлмира Кәрімова Солтүстік Қазақстан облысынан сенат депутаты болып сайланған еді.
"Параграф" ақпараттық жүйесінің мәліметінше, Гүлмира Кәрімова 1977 жылы 13 тамызда Петропавлда дүниеге келген.
1998 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша, 2008 жылы Көкшетау университетін қаржыгер мамандығы бойынша бітірген.
2016 жылы "педагогикалық білім беру" бағыты бойынша магистр дәрежесін алған.
Еңбек жолын 1998 жылы Петропавл қаласындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Кейін Петропавлда, одан соң Солтүстік Қазақстан облысында мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры, оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
2021 жылдың қыркүйегінен бастап Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2006995-zanadan-sailangan-senat-deputaty-omirden-ozdy/