Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бүгін 19 студент елге қайтады": СІМ өкілі Түркиядағы Қазақстан азаматтарына қатысты ақпаратты бөлісті

Жарияланған күні:

Төлқұжат
Қазақстан азаматының төлқұжаты. Көрнекі фото: NUR.KZ/ Петр Карандашов

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте қазір Түркияда қанша Қазақстан азаматы барын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ сыртқы ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Айбек Смадияровтың сөзінше, қазір Түркиядағы дипломаттар сол елдегі Қазақстан азаматтарымен байланыс орнату үшін белсені түрде жұмыс істеуде.

СІМ өкілі студенттерге тиісті ақпараттық хабарлама жіберілгенін атап өтті.

"Біздің азаматтарымызға көмектесу және үйлестіру үшін Мерсин және Конья провинцияларындағы Қазақстанның құрметті консулдары да жұмысқа қосылды. Мерсин қаласындағы құрметті консул – Түркия азаматы Ахмет Будан қонақ үйде Қазақстанның 25 азаматын, оның ішінде 19 студентті баспанамен қамтамасыз етті.

Бүгін осы 19 қазақстандық студент құрметті консулдың ұйымдастыруымен Анкараға жеткізілді және олар бүгін кешке Анкара-Астана рейсімен Қазақстанға қайтады. Сондай-ақ Конья қаласындағы құрметті консул Мұстафа Кабакчы 12 қазақстандық студентке Аданадан Ыстанбұлға жетуге жәрдем көрсетті", - дейді Айбек Смадияров.

СІМ ресми өкілінің айтуынша, бүгінде Түркияда консулдық есепте Қазақстанның 968 азаматы тұр (Анкарада – 498, Ыстанбұлда – 45, Анталияда – 189). Бұдан бөлек соңғы мәлімет бойынша Түркияда 8 219 қазақстандық студент білім алуда. Жалпы, түрік тарапының мәліметінше, елде Қазақстанның 75 мыңға жуық азаматы болуы мүмкін.

Сонымен қатар Айбек Смадияров бүгін Түркия халқына көмек көрсету үшін құрамында құтқарушылар мен медицина қызметкерлері бар Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы борты ұшып келгенін атап өтті.

Оның сөзінше, осы бортпен елге қайтуға ниет білдірген кейбір азаматтарымызды Қазақстанға әкелу жоспарлануда (сағат 15:00-дегі жағдай бойынша – 18 адам, Қазақстанның 16 азаматы және Қырғызстанның 2 азаматы, борт Астанаға ұшып келеді деп күтілуде, ұшу уақыты қосымша хабарланады).

СІМ өкілі Түркиядағы қазақстандық дипломаттар Түркияның Төтенше жағдайлар басқармасымен тұрақты байланыста екенін, осы уақыттағы ақпарат бойынша жер сілкінісінен зардап шеккен немесе қаза тапқандардың тізімінде Қазақстан азаматтары жоқ екенін жеткізді.

Ол көптеген қираған ғимараттың астынан зардап шеккендерді құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатқанын қоса кетті.

Еске сала кетсек, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік шығысында жойқын жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері тағы бірнеше провинцияда, сондай-ақ Сирия мен Ливанда сезілді.

Соңғы мәліметтер бойынша жер сілкінісі салдарынан Түркияда 3 419 адам, Сирияда 800-ден аса адам көз жұмған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2008434-bugin-19-qazaqstandyq-student-elge-qaitady-sim-okili-turkiyadagy-qazaqstan-azamattaryna-qatysty-aqparatpen-bolisti/