Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Халықтың әділдікке деген үміті азая бастады": Тоқаев жемқорлықтың жолын кесу жөніндегі бірқатар міндетті атады

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес өткізуде
Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес өткізуде. Фото: akorda.kz

Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылық құрамымен бейнебайланыс арқылы кеңес өткізіп, жаңадан тағайындалған төраға Асхат Жұмағалиды таныстырды, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев агенттіктің бұрынғы төрағасы Олжас Бектеновке атқарған жұмысы үшін ризашылығын білдіріп, оның жаңа қызметіне табыс тілеген.

Сондай-ақ мемлекет басшысы агенттіктің жаңа басшылығы мен жеке құрамына алдағы кезеңге арналған бірқатар міндет жүктеген.

Президенттің айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген шараларды толық жүзеге асыру керек. Жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы, әсіресе, халқымыздың әл-ауқатына тікелей әсер ететін салалардағы жемқорлықты анықтау және оның жолын кесу жөніндегі қатаң тәсілді жалғастырған жөн.

Сонымен қатар президент жемқорлыққа итермелейтін жүйелі себептер мен жағдайларды жою маңызды екеніне назар аударған. Оның сөзінше, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу керек.  

Бұдан бөлек кеңес барысында мемлекет басшысы тергеу жұмыстарының нәтижесінде агенттік құны 108 миллиард теңге көлеміндегі шығынды қайтара алғанын атап өткен. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл – оң нәтиже. Бірақ сонымен қатар бұл өткен кезеңдерде жемқорлық қаншалықты белең алғанын көрсетеді.

"Жемқорлықтың барлық түрімен ымырасыз күрес – мемлекетіміздің одан әрі дамуының басымдығы. Парақорлық, тамыр-таныстық, қоңырау шалу арқылы мәселе шешу және тағы басқа келеңсіздіктер жылдар бойы азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне селкеу түсіргенін білесіздер.

Осы орайда халықтың әділдікке деген үміті азая бастады. Сондықтан менің сайлау алдында берген уәделерімнің бірі жемқорлықты түбірімен жойғанша ымырасыз күрес жүргізу болды. Бұл істе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шешуші рөл атқарады.

2019 жылы маусымда құрылған сәттен бері аталған орган көптеген жұмыс атқарды. Оны мойындау керек. Жемқорлыққа қарсы күрес шараларының жүйесі белсенді дами бастады.

Атап айтқанда, жаңа құқықтық институттар, өзіне бағынышты қызметкерлердің жемқорлық қылмысы үшін саяси және мемлекеттік тұлғалардың қызметтен кетуі, адалдыққа тексеріс, нормативтік-құқықтық актілерге жемқорлыққа қарсы жүргізілетін сараптама және тағы да басқа бастамалар осы санатқа кіреді. Олардың алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылық құрамы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылық құрамы. Фото: akorda.kz

Айта кетейік, бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жаңа төрағасы болып Асхат Жұмағали тағайындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2015538-toqaev-zogary-lauazymdy-seneunikter-arasyndagy-zemqorlyqtyn-zolyn-kesu-zonindegi-qatan-tasildi-zalgastyrgan-zon/

pixel