Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөздер жүргізді
Жарияланған күні:
Қытайға ресми сапармен барған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР басшысы Си Цзиньпин келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ Си Цзиньпин Тоқаевты 70 жас мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Aqorda.kz Telegram-арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ең алдымен Тоқаев мемлекеттік сапармен келуге шақырып, құрметпен қарсы алғаны үшін ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге алғысын білдіріп, оны Қытай Халық Республикасының Төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.
"Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны – ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды", – деді Мемлекет басшысы.
Баспасөз жазуынша, кездесу барысында тараптар екі елдің сауда-экономикасын дамыту, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелерін талқылаған.
Сонымен қатар олар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасқан.
Президент өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытайдың өзара сауда-саттық көлемі 30 жылдың ішіндегі рекордтық деңгейге жетіп, 31 млрд доллардан асқанын айтты.
"Мұндай қарқынмен біз жақын арада тауар айналымы көрсеткішін 35 млрд долларға дейін жеткізу мақсатына қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Сондықтан 2030 жылға қарай 40 млрд долларлық межені белгілеуді ұсынамын. Осы мақсатқа жету үшін біз өзара сауда номенклатурасын кеңейте алар едік", – деді Тоқаев.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қытайға жіберілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуді көздейтінін айтты.
"Қазақстан Қытайға жіберілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге мүдделі. Тек былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сауда-саттық көлемі 780 млн доллардан асты. Қазақстан бұршақ дақылдарын, жоғары сапалы әрі экологиялық таза мұздатылған сиыр және қой етін жеткізуге дайын", – деп түсіндірді президент.
Сондай-ақ Тоқаев Сиань қаласының құрғақ портында логистика орталығын Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-логистика саласындағы байланыстарын арттыру жолындағы тағы бір белесі болуы мүмкін екенін айтты.
"Экономикалық әлеуеттің жүзеге асырылуы көбінесе көлік-транзит саласына байланысты. Бұл жерде сіздің ауқымы жағынан бірегей "Бір белдеу – бір жол" бастамаңыздың аясындағы табысты ынтымақтастығымызды ерекше атап өткім келеді. Осы жылдар аралығында "Бір белдеу – бір жол" жобасын бірлесіп жүзеге асыруда елеулі нәтижеге қол жеткізілді.
Ертең Сиань қаласының құрғақ портында логистика орталығы іргетасының онлайн режимде қалануы біздің көлік-логистика саласындағы байланыстарымыздың тағы бір белесі болмақ.
Көлік дәліздерін әртараптандыру аясында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) әлеуетін белсенді түрде пайдалануды ұсынамын", – деді мемлекет басшысы.
Оған қоса Қазақстан президенті елімізде білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық артып келетінін айтты.
"Елдеріміздің білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылығы артып келеді. ҚХР-да техникалық білім сапасы жоғары екенін ескере отырып, Қазақстанда Қытайдың ірі жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашуға мүдделі екенімізді тағы да атап өткім келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев бұл бастамалардың жүзеге асырылуы әлемдегі тұрақтылыққа, қауіпсіздік пен сенім деңгейінің артуына ықпал ететініне, сондай-ақ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдететініне сенімін білдірді.
"Қазақстан мен Қытайдың негізгі халықаралық мәселелер бойынша ұстанымдары бірдей немесе ұқсас. Сондай-ақ екі тарап бір-бірінің халықаралық бастамаларын дәйекті түрде қолдайды. Осы ретте сіздің жаһандық қауіпсіздік, жаһандық даму және жаһандық өркениет саласындағы халықаралық бағдарламалық бастамаларыңызды қолдайтынымды айтқым келеді.
Бұл бастамалардың жүзеге асырылуы әлемдегі тұрақтылыққа, қауіпсіздік пен сенімге қол жеткізуге ықпал ететініне, сондай-ақ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдететініне сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің өзара қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты.
Сондай-ақ Тоқаев екі елдің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеру үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға дайын екенін атап өтіп, бүгінгі келіссөздер екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2020994-toqaev-pen-si-czinpin-kelissozder-zurgizdi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.