Абай облысының тұрғыны мемлекеттен несие алып, мал басын 184-ке жеткізген
Жарияланған күні:
Абай облысы орталығынан 45 шақырымдай жерде орналасқан "Социал" шаруа қожалығы мал басын 184-ке жеткізген. 2015 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген Саят Социалұлы Икласов жылқы шаруашылығы мен сиыр малын өсірумен айналысады.
Қожалық иесі бұған дейін мемлекеттік қызметте - құқық қорғау органы саласында еңбек еткен. Ауылда өсіп, ер жеткен азамат жүрегіне жақын шаруа мал өсірумен айналысу түпкі мақсаты болғанын айтады. Қазір мал өнімдерін қалаға тасып, халыққа жеткізеді. Ол үшін Аграрлық несие корпорациясына жүгініп, несие алған.
"Облысымыздың орталығында филиалы орналасқан ауылшаруашылық несие корпорациясына жүгіндім. 2020-2021 жж аралығында несиемен қамтамасыз етілдім. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан бөлінген қаражатқа несиелік мақсатпен соған жылқы малын сатып алдым. 104 бас жылқы, 3 жыл және 5 жыл аралығындағы аналақ жылқыларды сатып алып, өсіріп отырмыз",- дейді "Социал" шаруа қожалығының басшысы Саят Икласов.
Жылқы малын өсіру үшін ол Аграрлық несие корпорациясынан 40 млн теңге алған. Айтуынша, үкімет тарапынан берілетін бұл несие өте қолайлы әрі тиімді. Себебі, 17 пайызбен берілген несиенің 10 пайызы мемлекет тарапынан төленеді. Және бастапқы негізгі төлемге екі жыл демалыс беріледі екен. Сондай-ақ жылына бір рет өнім көргендіктен, сәйкесінше соған байланысты бір жыл сайын ғана төлем жасайды. Бірақ кәсіпкер бұл несиені де мемлекет жайдан жай ешкімге оңды-солды бермейтінін де ескеру керек екенін алға тартты. Себебі "Кесіп пішкен тон келте болмас" демекші, алдын ала жоспар құрып, мүмкіншіліктерін анықтап, дүние-мүлікпен кепілдендірілуі керек екенін айтады.
"Түпкілікті ойланып, көп адамдардың қателесуі мүмкін. Мысалы ақша алсам бірден байып кетемін деп ойлайды. Содан кейін, мысалы, мақсатын өзгертпеуі керек. Ол несиені алғаннан кейін өзінің мақсатына жұмсалуы ең бірінші мәселе. Сондықтан алдын ала жан-жақты ойластырылған дұрыс бизнес жоспарың болуға тиіс. Қанша мал алатынын, кейін міндетті түрде сол малдың басын алып, оны өсіруге тырысу керек", - дейді Саят Икласов.
"Өзіңе сен, өзіңнің адал ісіңе сен" дегенді санасына сіңіре білген қожалық иесі мал өсірген соң өзіңнің ерен еңбегіңе сенуің керек дейді. Бұл істе де махаббат керек екенін айтады. Алған малың - өзіңе аманат. Сондықтан оның әр төліне жаныңды ауыртып, соның басы-қасында болып, қазанында бірге қайнамасаң, жұмысың өрге баспайтыны анық. Ал алған несиеңе немқұрайлық таныту мүлдем дұрыс емес дейді.
"Несиеге немқұрайлық танытпауы керек. Алып тұрған қаражатыңызды басқа жерге салып жіберуге жол бермеу керек. Екіншіден, Аграрлық несие корпорациясы оны қадағалап отырады, қызметкерлер мониторинг жасайды. Ол кепілдікке қойған дүниелерінің орнында ма, өсіріп жатқан малыңыздың саны түгел ме соның барлығын бақылайды. Сонымен қатар несие корпорациясының мамандары әрқашан ақылдасып, кеңес беріп отырады. Судың да сұрауы бар дейді ғой . Ол ақшаның да ертең сұрауы бар, төлемі бар", - деді "Социал" шаруа қожалығының басшысы.
"Социал" шаруа қожалығында қожалық иесінен бөлек 4 адам жұмыспен қамтылған. Оларға ай сайын орта есеппен 100 мың теңгеден айлық төленіп, зейнетақы қоры да аударылып отыр. Қожалықта күн сәулесінен қуат алатын батареялар орнатылған. Бірақ алдағы уақытта электр қуатын жүргізсек деген жоспар бар дейді.
"Осы тұрған менің шаруа қожалығыма электр жүйесі өтпей тұр. 13 шаруа қожалығы жақын-жақын орналасқан. Сол жігіттермен есептесе отырып, бәріміз бас қосып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бәріміз бірігіп электр жүйесін құруға мемлекетке тапсырыс бергелі отырмыз. Бұл енді мәселе 300 млн теңге көлемінде соммаға келіп тірелді. Бұл енді мемлекеттік бағдарлама болғаннан кейін, қазір құжаттарды рәсімдеп жатырмыз”,- деді қожалық иесі.
Қожалық иесінің сөзінше, электр жүйесімен қамтамасыз етілсе жоспарлары тағы да өзгеруі мүмкін. Облыс орталығына жақын орналасқандықтан бұл жерге үлкен тоңазытқыштар орнатып, сиыр сауып, сүт өндіру, май жасап, қымыз өнімін өндірумен айналыссақ деген болашаққа жоспары бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2021873-abai-oblysynyn-turgyny-memleketten-nesie-alyp-mal-basyn-184-ke-zetkizgen/