Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Үш адам қаза тапты: Тоқаев Абай облысындағы ірі өртке байланысты Ильинге оқиға орнына жедел баруды тапсырды

Жарияланған күні:

Өрт сөндірушілер Абай облысындағы орман өртін сөндіруде
Өрт сөндірушілер Абай облысындағы орман өртін сөндіруде. Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Абай облысындағы орман өртіне байланысты мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге шұғыл тапсырма берді. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

"Абай облысындағы алапат өртке байланысты президент Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеді", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына барлық қажет көмекті көрсету тапсырылған.

ТЖМ мәліметіне сәйкес, орман шаруашылығының үш қызметкері қаза тапқан, қазіргі таңда тағы 11 қызметкер іздестіріліп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында орман шаруашылығының 14 қызметкерімен байланыс үзілгенін, оларды іздеу шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлаған едік.

Еске сала кетсек, 8 маусымда Абай облысындағы Батпаев орман шаруашылығының аумағында алдын ала болжам бойынша 0,3 гектар аумақта ағаштар жанған болатын. Бүгін Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндіру жұмыстары алты учаскеде жүріп жатқанын, өрттің ауданы шамамен 30 мың гектарды құрайтынын хабарлады.

9 маусым күні сағат 16:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге жеке құрамнан 662 адам мен 177 техника, сондай-ақ 6 тікұшақ жұмылдырылған. Авиациялық техникамен өртті сөндіру үшін 80 рет жалпы көлемі 192 тонна су шашылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2024164-zogalgan-14-adamnyn-useui-qaza-tapty-toqaev-abai-oblysyndagy-ortke-bailanysty-ilinge-oqiga-ornyna-zedel-barudy-tapsyrdy/