"22 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды": Жанат Элиманов Тоқаевқа есеп берді
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Ол агенттіктің атқарып жатқан жұмысы туралы баяндады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.
Кездесу барысында Жанат Элиманов президентке өзара бағалаудың ФАТФ (ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу топтары) стандарттарына сай сәтті өткені жөнінде мәлімет берген.
"Қазақстан қылмыстық кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың мейлінше тиімді жүйесін көрсетті. Бұл отандық бизнестің трансшекаралық қаржы операциялар бақылауынан оңай өтуіне мүмкіндік береді.
Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайту жұмыстары жалғасып келеді. Қазақстан ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі Азия-Тынық мұхиты тобында бақылаушы мәртебесіне ие болды. Бұл осы аймақтағы елдермен қарым-қатынастың тиімділігін арттырады", - дейді Жанат Элиманов баяндамасында.
Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының сөзінше, жуырда үкімет көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіткен. Құжатта сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, жылжымайтын мүлік және көлік салаларындағы көлеңкелі операциялардың деңгейін төмендету шаралары қамтылған.
Жанат Элимановтың айтуынша, агенттік қызметінің нәтижесінде шығындар өтеліп, жыл басынан бері 94 миллиард теңгенің көлеміндегі активтер қайтарылған, 5 қылмыстық топ жойылған, тағы үш іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
"Бюджет қаржысын жымқыру фактілері бойынша отын-энергетика кешенінде, коммуналдық қызмет көрсету және газ саласында бірқатар іс тергеліп жатыр. Азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында суррогат алкоголь өндіретін 12 цехтың қызметі тоқтатылды, елімізге құны 5,3 миллиард теңге болатын электронды темекі әкелуге жол берілмеді.
Заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-әрекеттер нәтижесінде 11 жасырын казино және 2 букмекерлік кеңсе таратылды. Азаматтарды алаяқтық іске тартуға жол бермеу үшін 22 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды, салымшыларға келтірілген 1,9 миллиард теңге шығын өтелді, қаржы пирамидаларын жарнамалайтын 5,3 мыңнан астам сайт пен аккаунт бұғатталды", - дейді Жанат Элиманов.
Сонымен қатар ол агенттіктің атсалысуымен 14 облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 14 түрі бойынша баға арзандағанын мәлім етті.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасына бизнесті қорғауға, сондай-ақ шетелге заңсыз қаражат шығарудың және ұлттық жобаларға бөлінетін бюджет қаржысын жымқырудың жолын кесуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2030283-94-mlrd-tenge-aktivter-qaitaryldy-qarzylyq-monitoring-agenttiginin-toragasy-toqaevqa-esep-berdi/