"Мен ешқашан тегін алмаймын": Тоқаевтың Астанадағы жәрмеңкеге барған видеосы тарады
Жарияланған күні:
Читать на русскомЖеліде Астанада өткен Тәжікстан тауарлары жәрмеңкесіне келген Қазақстан президентінің қолөнершілерден тегін зат алудан бас тартып, ақшаға сатып алып жатқаны көрсетілген видео пайда болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Президент телерадиокешені Instagram-дағы парақшасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астанада өткен Тәжікстан тауарларының көрме-жәрмеңкесін аралап жүргені түсірілген видеоны жариялады.
Кадрларда президент қолөнершілердің тауарларын ақысыз алмай, ақша төлеп тауар алып жатқаны көрінеді.
"Мен ешқашан тегін алмаймын. Тіпті Қазақстандағы көрмелерде де барлығына ақша төлеймін", - дейді Тоқаев видеода.
Еске салайық, бұған дейін мәдениет күндері аясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 25-26 тамыз күні Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон жұмыс сапарымен Астанаға келетіні туралы жазған едік.
25 тамызда жұмыс сапарымен елордаға келген Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізген болатын.
Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияның сәтті жүзеге асырылып жатқанын және биыл 6 айда тауар айналымы 500 миллион доллардан асқанын мәлімдеді.
Оған қоса мемлекет басшысы Қазақстанға су мен электр энергиясын жеткізгені үшін Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға алғысын білдірді.
Сондай-ақ сенбіде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон елорданың бас мешітіне барған болатын.
Кеше екі ел президенті Тәжікстанның ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп тауарларының көрме-жәрмеңкесін тамашалады.
Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмонның жұмыс сапары аяқталып, мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесін әуежайдан шығарып салғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2034148-men-esqasan-tegin-almaimyn-toqaevtyn-astanadagy-zarmenkege-bargan-videosy-tarady/