"Мен ешқашан тегін алмаймын": Тоқаевтың Астанадағы жәрмеңкеге барған видеосы тарады
Жарияланған күні:
Желіде Астанада өткен Тәжікстан тауарлары жәрмеңкесіне келген Қазақстан президентінің қолөнершілерден тегін зат алудан бас тартып, ақшаға сатып алып жатқаны көрсетілген видео пайда болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Президент телерадиокешені Instagram-дағы парақшасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астанада өткен Тәжікстан тауарларының көрме-жәрмеңкесін аралап жүргені түсірілген видеоны жариялады.
Кадрларда президент қолөнершілердің тауарларын ақысыз алмай, ақша төлеп тауар алып жатқаны көрінеді.
"Мен ешқашан тегін алмаймын. Тіпті Қазақстандағы көрмелерде де барлығына ақша төлеймін", - дейді Тоқаев видеода.
Еске салайық, бұған дейін мәдениет күндері аясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 25-26 тамыз күні Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон жұмыс сапарымен Астанаға келетіні туралы жазған едік.
25 тамызда жұмыс сапарымен елордаға келген Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізген болатын.
Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияның сәтті жүзеге асырылып жатқанын және биыл 6 айда тауар айналымы 500 миллион доллардан асқанын мәлімдеді.
Оған қоса мемлекет басшысы Қазақстанға су мен электр энергиясын жеткізгені үшін Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға алғысын білдірді.
Сондай-ақ сенбіде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон елорданың бас мешітіне барған болатын.
Кеше екі ел президенті Тәжікстанның ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп тауарларының көрме-жәрмеңкесін тамашалады.
Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмонның жұмыс сапары аяқталып, мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесін әуежайдан шығарып салғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2034148-men-esqasan-tegin-almaimyn-toqaevtyn-astanadagy-zarmenkege-bargan-videosy-tarady/