Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан мен Албания президенттері кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді

Опубликовано:

Қазақстан және Албания тарапы
Қазақстан және Албания тарапы. Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Албания президенті Байрам Бегаймен кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән бере отырып, Қазақстан мен Албания арасындағы серіктестіктің негізгі мәселелерін талқылаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің қарым-қатынасын одан әрі нығайту үшін зор мүмкіндік пен әлеует бар екеніне назар аударған.

"Біз Албанияны Балқан түбегіндегі өте маңызды серіктес ел ретінде қарастырамыз. Бұл кездесу – өзара тиімді ынтымақтастығымызды нығайту үшін нақты нәтижеге қол жеткізу тұрғысынан алғанда шешуші сәт. Қазақстан мен Албанияны көптеген ортақ дүние байланыстырады.

Біздің елдерімізде көптеген ұлт пен дін өкілдері мекен етеді. Сонымен қатар екі ел халқының да басым көпшілігі – мұсылмандар. БҰҰ, ЕҚЫҰ және ИЫҰ секілді ірі халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығымыз бен байланыстарымызды нығайту қажет", – дейді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ президент Астана мен Тирана арасында тікелей әуе қатынастарын орнату қажеттігін атап өткен.

"Туризм, көлік, энергетика және басқа да салалардағы мүмкіндіктер туралы айта келе, астаналарымыз арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастыру қажет.

Қазақстан өзара ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін тағы да атап өткім келеді. Біз нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Байрам Бегай екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін жоғары бағалаған.

"Біздің алғашқы кездесуіміз екі ел арасында сындарлы диалог басталғанын көрсетеді. Албания мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты кеңейту, сондай-ақ ынтымақтастығымыз бен гуманитарлық байланыстарымызды нығайту жөніндегі ортақ мақсатқа сай іс-әрекеттеріміз жалғасады деп үміттенемін.

Сонымен қатар экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін әлеуетіміз мол. Біз осы мүмкіндікті пайдалана аламыз. Тау-кен, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм және инфрақұрылымдық даму салаларындағы өзара ынтымақтастығымызды нығайтқымыз келеді", – дейді Албания президенті.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Байрам Бегаймен шағын құрамда келіссөз жүргізген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2035681-qazaqstan-men-albaniya-prezidentteri-keneitilgen-quramda-kelissozder-zurgizdi/

pixel