Ақтаулықтар қала әкімінің халықпен кездесуге келмей қалғанына наразылығын білдірді
Жарияланған күні:
Читать на русскомАқтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов белгіленген күні халықпен кездесуге келмей қалған. Кездесу қала басшысының қатысуынсыз өткен. Бұған тұрғындар наразылығын білдірді, деп хабарлайды Lada.kz.
Басылымның жазуынша, 6-7 қыркүйек күндері Ербол Ізбергенов Ақтау қаласында және Өмірзақ ауылында тұрғындармен кездесуге тиіс болатын. Тұрғындарға бұл туралы тіпті алдын ала хабарланған. Алайда кездесу әкімнің қатысуынсыз өткен.
Жергілікті тұрғындармен кездесуге қала басшысының орнына оның міндетін атқарушы Имаммахмұт Шағырбаев пен орынбасары Ербол Жұмағазин келген. Өз кезегінде тұрғындар бұған наразылығын білдірген.
Басылымның мәліметінше, кездесуге әкімнің келмейтіні алдын ала ескертілмеген.
"Кездесу жұмыс күні өткендіктен, қала әкіміне өз мәселемді айту үшін жұмыстан арнайы сұранып келген болатынмын. Бірақ ол кездесуге келмеді. Егер кездесуді шенеуніктер өткізетін болса, онда неге қала әкімінің халықпен кездесуі өтеді деп хабарлайды? Егер әкімнің шұғыл жұмысы шығып қалса, бұны алдын ала ескертуге болар еді", – деп шағымданды Ақтау қаласының тұрғыны Әсел Тәжібекова.
Тұрғындардың назына қатысты жауап берген Ақтау әкімдігінің хабарлауынша, сол күні Ербол Ізбергенов сырқатына байланысты кездесуге келе алмаған.
Еске сала кетейік, Ербол Ізбергенов Ақтау қаласының әкімі болып 2022 жылы тағайындалған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2035892-aqtaulyqtar-qala-akimnin-xalyqpen-kezdesuge-kelmei-qalganyna-narazylygyn-bildirdi/