"Мен бөтен емеспін, қандаспын": Шарлапаев қазақ тілін белсенді түрде үйреніп жатқанын айтты
Жарияланған күні:
Бүгін үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметіне тағайындалған Қанат Шарлапаев қазақ тілін белсенді түрде үйреніп жатқанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Мен өзімнің қазақ тілімді меңгеріп жатырмын. Аптасына 5 рет сабағымды (қазақ тілі сабағын -ред.) аламын. Маған мұғалім келеді. Осылайша, қазақша үйреніп жүрмін. Ең алдымен, мен ешқандай бөтен, өзге адам емеспін. Мен Қазақстанға қайтып келген қандаспын", - деді министр үкіметтің баспасөз орталығында.
Айта кетсек, бүгін журналистер Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтан өзін министр болуға қаншалықты лайықты деп санайтынын сұраған.
"Лайықты не лайықты емес" деген мәселеге келер болсақ, бұл – үкіметтің, мемлекет басшысының шешімі. Ал жұмысыма Қазақстан халқы, үкімет, мемлекет басшысы баға береді", – деді Шарлапаев.
Еске салсақ, Қанат Бисимбайұлы 4 қыркүйекте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басшысы болып тағайындалған болатын.
Ол бұған дейін "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ның басқарма төрағасы болған еді. "Бәйтерек" холдингінің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, Қанат Шарлапаев 1981 жылы Саратов облысында дүниеге келген, Қазақстан Республикасының азаматы.
Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін (РФ), Cranfield School of Management (Ұлыбритания) тәмамдаған. Еңбек жолын 2003 жылы банк секторында бастаған.
2006-2008 жылдары өңірлік кеңсенің қаржы департаментінде, жобаларды басқару департаментінде, операциялық-технологиялық департаментінде, "Сити" инвестбанкінің сату басқармасында (Ұлыбритания, Чехия) жұмыс істеген.
2008-2014 жылдары – "Сити" инвестбанк акциялар нарығында жұмыс жөніндегі өңірлік дивизионының аға талдаушысы, вице-президентінің көмекшісі, вице-президенті (Лондон, Ұлыбритания).
2014-2015 жылдары – "Сити" инвестбанкінің Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша стратегиялық жоспарлау және талдау өңірлік тобының вице-президенті (Лондон, Ұлыбритания).
2015-2017 жылдары – Ситибанк Қазақстанның бас қаржы директоры, басқарма төрағасының орынбасары, аға вице-президенті.
2017-2020 жылдары – Ресей Ситибанкінің Ресей, Украина және Қазақстан бойынша бас қаржы директоры, аға вице-президенті.
2020-2022 жылдары – "Сити" инвестициялық банкінің (БАӘ) Африка, Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарындағы стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі өңірлік директоры қызметтерін атқарған.
2022 жылғы 2 ақпанда "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ның басқарма төрағасы болып тағайындалған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2037209-men-boten-emespin-qandaspyn-sarlapaev-qazaq-tilin-belsendi-turde-uirenip-zatqanyn-aitty/