Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңадан тағайындалған сенат депутаты Дархан Қыдырәлі ант қабылдады

Жарияланған күні:

Дархан Қыдырәлі ант қабылдап жатыр
Дархан Қыдырәлі ант қабылдап жатыр. Видеодан кадр: youtube.com/@senate_kz

Бұрынғы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі сенаттың жалпы отырысында Қазақстан халқына ант берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев президент жарлығымен Дархан Қыдырәлінің сенат депутаты болып тағайындалғанын атап өтті.

Осыған байланысты ол Қазақстан халқына ант берді.

"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен Заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін", - деді Дархан Қыдырәлі.

Еске сала кетейік, Дархан Қыдырәлі 26 қыркүйекте президент жарлығымен сенат депутаты болып тағайындалды.

Айта кетсек, 2023 жылғы 1 қыркүйекте Дархан Қыдырәлі Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметінен босатылды.

Ол бұл лауазымды 2022 жылғы қыркүйектен бастап атқарды. Ал 2023 жылғы сәуірде осы қызметке қайта тағайындалған болатын.

Дархан Қыдырәлі еңбек жолын 2000 жылы Х.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің аға ғылыми қызметкері болып бастаған. Аталған университетте жетекші ғылыми қызметкер, аппарат басшысы, тарих кафедрасының меңгерушісі болып еңбек еткен.

2005-2006 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде доцент, аға ғылыми қызметкер болып қызмет еткен.

2006-2007 жылдары Президенттік Мәдениет орталығы директорының орынбасары лауазымында жұмыс істеген.

2007 жылы Білім және ғылым министрінің кеңесшісі лауазымына тағайындалған.

2008-2012 жылдары Президент әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінде сарапшы, Президенттің баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі, Президенттің баспасөз хатшысының орынбасары болған.

2012-2014 жылдары Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары лауазымында жұмыс істеген.

2014 жылы Халықаралық Түркі академиясының президенті болып тағайындалған.

2016 жылдың шілдесінен бастап 2022 жылға дейін "Егемен Қазақстан" республикалық газеті" АҚ-ның Басқарма төрағасы қызметін атқарған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2038518-zanadan-tagaiyndalgan-senat-deputaty-darxan-qydyrali-ant-qabyldady/