Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы: биыл Оралда 8 жоба мақұлданды

Опубликовано:

Жаңа ойын алаңы
Фото: pixabay.com

Оралда "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы жемісті жүзеге асырылып жатыр. Тұрғындар тарапынан түскен әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетіледі. Комиссия әр ұсыныстың орындалу тәртібі заңға сәйкестігін ғана тексереді. Ал түпкілікті шешімді халық сайттан дауыс беру арқылы қабылдайды.

Өткен жылы 2 жоба мақұлданған. Атап айтқанда, қаланың ескі аумағында жаңа парк салынып, Жайық жағалауындағы демалыс орнына әткеншектер мен орындықтар қойылды. Бұл жобаларға 25 млн теңге жұмсалған.

"Демалыс орындарының ажары кіріп тұр. Әсіресе, жастар осы жерге жиі келеді. Бәрі суретке түсіп жатыр. Мұндай жобалар көбірек жүзеге аса берсе екен дейміз. Қаланың сәнін келтіріп тұрар еді", - дейді қала тұрғыны Арнұр Мақсотов.

Ал биыл оралдықтардан бұл бағдарламаға қатысты 40-тан астан өтініш келіп түскен екен. Соның 8-і мақұлданды. Барлығы абаттандыру бағытында болып тұр. Деркөл кентінде ойын және жаттығу алаңдары ашылды. Сонымен қатар жаңа парк салынды.

Ал Зачаганск кентінде №20 мектеп маңындағы демалыс орны жаңғыртылды. 6-шағын ауданда бір парк толық абаттандырылды. Қала орталығындағы Пушкин демалыс орнында ойын және спорт алаңдары, Құрманғазы көшесінде "ІТ мамандары" паркі салынды. Ал Гагарин көшесі желекжолмен (бульвар) көмкерілді. Осы бастамаларды жүзеге асыруға 300 млн теңгеге жуық қаражат бағытталды. Мердігер ұйымдардан екіжылдық кепілдік міндеттемелер алынды.

"Жоба жалпыға ортақ пайдаланатын орынды қамту керек. Яғни, қаланың барлық тұрғынына қолжетімді болуы тиіс. Жоба бюджет есебінен қаржыландырылатын өзге бағдарламалардың тізімінде болмауы қажет. Әр жобаның құны 10 мың АЕК мөлшерінде. Одан бөлек, ұсынылған жобаның құрылыс мерзімі қаржылық жылдан ұзамағаны жөн. Қала орталығымен қоса, шаһарға тиесілі ауылдық жерлерде де осындай жұмыстар жүргізіледі. Бастысы – халық өзі таңдайды және өзі дауыс береді", - дейді қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Дархан Еркінұлы.

Қаланы көркейткен әлеуметтік бағдарлама алдағы жылдары да жалғасады. Тұрғындар өз ұсыныстарын білдіріп, бірлесе шешім қабылдай алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2044346-xalyq-qatysatyn-byudzet-bagdarlamasy-biyl-oralda-8-zoba-maquldandy/

pixel