Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту": Тоқаев Қарағанды облысының әкіміне бірқатар тапсырма берді

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ермағанбет Бөлекпаев
Ермағанбет Бөлекпаев президенттің қабылдауында. Фото: aqorda.kz

Мемлекет басшысы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Ермағанбет Бөлекпаев президентке Қарағанды облысының 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берген.

Облыс әкімінің айтуынша, 11 айдың ішінде өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,1 триллион теңгені құраған. Негізгі капиталға салынған инвестиция 16,3 пайызға артып, 727 миллиард теңгеге жеткен.

Өңдеу өнеркәсібі салаларында, атап айтқанда, машина жасау ісінде 45 пайыз, жеңіл өнеркәсіпте 23,9 пайыз, фармацевтикада 20 пайыз өсімге қол жеткізілген. Сонымен қатар қағаз өнеркәсібінде, құрылыс индустриясы мен қара металлургияда өсім байқалады.

Шағын және орта бизнес саласында 100 мыңнан астам компания қызмет етеді және бұл бағытта өңірдегі белсенді халықтың 45 пайызы жұмыс істейді. Кәсіпкерлер үшін бөлшек салықтың мөлшері 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілген. Биыл жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 19 пайыздан 25 пайызға арттыру жоспарланып отыр.

Өңір басшысының мәліметінше, экономиканың барлық саласында 25 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайызға, кедейлік деңгейі 2,7 пайызға дейін төмендеген. Ал халықтың нақты табысы 4,7 пайызға көбейген.

Бұдан бөлек Ермағанбет Бөлекпаев президентке жылыту маусымының барысы, Qarmet кәсіпорнындағы қазіргі жағдай туралы баяндаған. Мемлекет басшысына жаңа инвестордың өндірісті тұрақтандыру және оның көлемін арттыру бағытында қабылдап жатқан шаралары, сондай-ақ өндірісті жаңғырту және компания жұмысшыларының еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары жөнінде мәлімет берілген.

Әлеуметтік сала бойынша ауылдық жерлерде 92 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, екі ауданаралық аурухананы жаңғырту жұмыстары басталған. Биыл "Жайлы мектеп" жобасы аясында өңірде 7100 орындық 10 мектеп пайдалануға берілмек.

Сонымен бірге Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік саланың жай-күйі, "Ауыл – ел бесігі" және "Ауыл аманаты" жобаларының іске асырылуы туралы да баяндаған.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ермағанбет Бөлекпаевқа облысты одан әрі дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жөнінде бірқатар тапсырма берген. Сондай-ақ мемлекет басшысы Qarmet компаниясына қарасты нысандардағы жағдайды ерекше бақылауға алу қажет екенін атап өткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2054788-toqaev-qaragandy-oblysynyn-akimi-ermaganbet-bolekpaevty-qabyldady/

pixel