Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Катар жақын болашақта Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді": Тоқаев Катар әмірімен келіссөз жүргізді

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев, Тәмим бен Хамад Әл Тәни
Қасым-Жомарт Тоқаев, Тәмим бен Хамад Әл Тәни. Фото: https://t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Катар мемлекетінің әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Aқордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, мемлекет басшысы Катар әмірінің шақыруын зор ризашылықпен қабыл алғанын жеткізді. Президент осы елге алғаш рет мемлекеттік сапармен келіп отырғанын, сондықтан оның мән-маңызы ерекше екенін атап өтті.

"Катар – ислам әлеміндегі біздің сенімді әрі маңызды әріптесіміз. Екі елдің қарым-қатынасына тың серпін беретін кез келді деп ойлаймын. Қазақстан мен Катар байланыстарын толық стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеруді ұсынамын. Сапар кезінде өте маңызды құжаттарға қол қойылады. Бұл келісімдер біздің ынтымақтастығымызды стратегиялық деңгейге көтереді. Біз үшін Катар – өте ерекше ел, сіздермен байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Сондықтан бұл қатынастарымызды одан әрі дамыту үшін күш-жігерімізді саламыз. Бізге көрсетілген қонақжайлығыңызға ризашылығымызды білдіреміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Катар мемлекетінің әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Қазақстан президенті сапарының мән-маңызына тоқталды.

"Жоғары мәртебелі президент мырза, біздің елімізге ең алғашқы мемлекеттік сапармен келіп отырғаныңызға қуаныштымын. Бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы қарым-қатынастарды еселей түсетініне сенемін. Біз Астанада да кездестік. Бүгінгі жүздесуіміз бұрынғы келіссөздер негізінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын қадағалап, алдағы жоспарларды айқындауға мүмкіндік береді. Екіжақты ынтымақтастық аясында энергетикалық, сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделіміз. Осы сапар аясында біздің елдің ірі бизнес өкілдерімен кездесулер өткізесіз. Бұл аталған салалардағы ықпалдастықты ілгерілетуге тың серпін беретініне сенімдімін", – деді Катар мемлекетінің әмірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Катар әмірі Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәмим бен Хамад Әл Тәни. Фото: t.me/aqorda_resmi

Президенттің айтуынша, елдеріміз арасында тығыз саяси диалог, кеңейіп келе жатқан экономикалық серіктестік және табысты мәдени-гуманитарлық байланыстар қалыптасқан. Екі ел арасында соңғы үш жылда қол қойылған келісімдер әртүрлі саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға берік негіз болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Катарды жақын болашақта Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді деп есептейтінін жеткізді. Президент Қазақстанның Катар нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар жақын арада тауар айналымын 500 миллион долларға дейін арттыру туралы айтылды.

Келіссөз барысында ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, мемлекет басшысы Катарды Шығанақ пен Орталық Азияны байланыстыратын интермодальды көлік желісін дамыту үшін күш-жігер біріктіруге шақырды. Бұл аймақтағы экономикалық белсенділікті ынталандыруға ықпал етеді. 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырған еліміз қазір бидай мен ұн өндіру бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыруға негіз бар екеніне назар аударды.

Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы 2025 жылы екі ел астаналарында Қазақстан мен Катардың мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды. Бұл шаралар мәдени мұрасы бай халықтарымызды жақындата түсетініне сенім білдірді.

Бұдан бөлек, аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.

Айта кетейік, кеше мемлекет басшысы Катарға мемлекеттік сапармен келді.

Келіссөз қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қою жоспарланып отыр.

Сондай-ақ президент қазақ-катар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысады және осы елдің бизнес капитандарымен бірқатар кездесу өткізеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2060980-toqaev-katar-memleketinin-amiri-seix-tamim-ben-xamad-al-tanimen-kelissoz-zurgizdi/

pixel