Ұлттық жобаны іске асыру қарқыны төмендеген: Бектенов меморгандар мен әкімдіктерді сынады
Жарияланған күні:
Олжас Бектенов "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыру қарқыны төмендегені үшін мемлекеттік органдар мен әкімдіктерді сынға алды. Бұл туралы үкіметтің Telegram-арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланған үкімет отырысында айтты.
"Өткен жылы 309 объектіні салу жоспарланған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алды. Әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақытылы бөлу бойынша түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге ниет танытқан жоқ. Жобалау құжаттарын рәсімдеу мен сараптама мәселелері де тым кешеуілдеп кетті.
Сондықтан ауылдық жерлердегі медицина объектілерінің құрылысын бастау мерзімдері бұзылды", - деді Бектенов.
Сондай-ақ Олжас Бектенов "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы бойынша жұмысты едәуір жеделдетуді тапсырды.
"Әрбір объектінің құрылысын құжаттарды дайындау, қаржыландыру кезеңінен бастап, уақытылы тапсырғанға дейін күнделікті бақылауға алу қажет. Сондай-ақ медициналық жабдықтармен және персоналмен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмауға тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер биыл барлық объектінің құрылысы мен оларды пайдалануға беруді нақты мерзімінде аяқтауы қажет", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2063286-ulttyq-zobany-iske-asyru-qarqyny-tomendegen-bektenov-memorgandar-men-akimdikterdi-synady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.