Мәскеуде Алексей Навальныймен қоштасты (фото, видео)
Жарияланған күні:
Бүгін, 1 наурызда Мәскеуде белгілі ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйды жерлеу рәсімі өтті. Танымал саясаткермен қоштасуға жүздеген адам келген. Олардың арасында бірнеше мемлекеттің өкілдері де бар, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
РБК басылымының хабарлауынша, Алексей Навальный Мәскеудегі Борисовский зиратына жерленді. Табытты жерге түсірген кезде Фрэнк Синатраның My Way өлеңі қойылды.
Жерлеу рәсіміне қатысқандар арасында оппозициялық саясаткердің ата-анасы Анатолий мен Людмила Навальныйлар да болды.
РИА Новости басылымының мәліметіне сәйкес, Навальныймен қоштасу рәсіміне шетелдік елшілер де қатысқан. Борисовский зиратында АҚШ елшісі Линн Трейси, Франция елшісі Пьер Леви, Германия елшісі Александр Ламбсдорф, Канада елшісі Сара Тейлор және британиялық дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Том Додд бой көрсетті.
Сонымен қатар зират маңында Ирландия, Польша, АҚШ, Греция, Бельгия мен Австрияның дипломатиялық нөмірлері бар көліктер де болды.
Желіде жарияланған суреттерге қарап, Алексей Навальныйды ақтық сапарға шығарып салуға жүздеген адам келгенін көруге болады. Қалың көпшілік саясаткердің суретін ұстап, оның зиратына гүлдерін қойып жатты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2064078-maskeude-aleksei-navalnyimen-qostasty-foto-video/