Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев: Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес

Опубликовано:

Ұлттық құрылтай
Ұлттық құрылтай. Фото: akorda.kz

Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырсында сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жиынның мән-маңызына тоқталып өтті. Бұл жөнінде Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Сөз басында президент Құрылтайға қатысушыларды Көрісу күнімен құттықтады.

"Қыстан аман-есен шыққан туған-туыс, ағайын бір-бірімен қауышып жатыр. Ел арасында Көрісу күні еліміздің батыс аймағына тән мереке деген түсінік бар. Бірақ бұл қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрі екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан біз тұтас ел болып, Наурыз мейрамын осы күннен, яғни Көрісу күнінен бастап тойлағанымыз жарасымды болары сөзсіз.

Биыл Ұлыстың ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық Құрылтай да Әз Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады. Ал Құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады. Сондықтан Құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды", – деді ол.

Мемлекет басшысы алғашқы отырыс Ұлытау жерінде өтсе, екінші отырыс киелі Түркістанда өткенін еске салды.

"Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі.

Ұлы Жібек Жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар", – деп президент Атырау жері тегін таңдалмағанын атап өтті.

Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайтың мән-маңызына тоқталып өтті.

"Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды. Алдыңғы екі отырыста елімізді дамытуға қатысты маңызды бастамалар көтерілді. Оның біразы орындалды. Жалпы өзгерістер барлық салада болып жатыр", – деді президент.

Айта кетейік, бүгін Атырауда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы басталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2069037-toqaev-quryltai-esqasan-toi-toilap-angime-duken-quratyn-ziyn-bolgan-emes/

pixel