Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ешқашан біреуді біреуге қарсы қоймайтын": Тоқаев құрылтайда классик жазушыны еске алды

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында мемлекеттік қызметте ерекше қолтаңбасын қалдырған біртуар тұлға, классик жазушы Әбіш Кекілбаевты есіне алып, оны "кемеңгер тұлға болды" деп атады. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Президент жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтар ұрпаққа үлгі болуы қажет екенін айта келіп, Әбіш Кекілбаевты айрықша атап өтті.

"Ол – руханият саласында, мемлекеттік қызметте ерекше қолтаңбасын қалдырған біртуар тұлға, классик жазушы. Мен Әбекеңмен қызметтес болдым, жақын араластым. Әбіш Кекілбайұлы нағыз тау тұлғалы азамат еді. Ол ішкі мәдениеті өте жоғары жан болатын. Ешқашан біреуді біреуге қарсы қоймайтын, бәріне сүйіспеншілікпен қарайтын. Әр аймақтан өзіне сәлем беруге келген азаматтарға есігі қашанда айқара ашық еді. Онымен тілдескен адамдар рухтанып, қанаттанып шығатын.

Әбекең ұсақ-түйек әңгімеге берілмейтін, жалпы адамзатқа ортақ мәселелер туралы ойланып, толғанатын. Бір сөзбен айтсақ, Әбіш Кекілбаев нағыз зиялы адам, кемеңгер тұлға болды", – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ перзидент құрылтайға қатысып отырған мәдениет қайраткері Ілия Жақановқа да ықыласын білдірді.

"Бүгін ортамызда Құрылтай мүшесі, аса көрнекті мәдениет қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов отыр. Ілекең де – нағыз мемлекетшіл тұлға, зиялы қауым ішіндегі аса беделді ағамыз. Әрдайым салмақты ой, салиқалы пікірімен елге сыйлы болып жүрген ардақты азамат.

Біз халқымыздың осындай перзенттерін, олардың өмір жолын жан-жақты дәріптеуіміз керек, лайықты құрмет көрсетуіміз қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін, 15 наурызда Атырауда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2069064-nagyz-tau-tulgaly-azamat-edi-toqaev-quryltaida-klassik-zazusyny-eske-aldy/