Тоқаев Әзербайжан мен Армения арасында Алматыда өтетін келіссөздерге қатысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев Әзербайжан мен Армения арасындағы Алматыда өтетін келіссөздер процесіне қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Қазақстан президентінің мәлімдемесі Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланды.
"Қазақстан тарапының ұсынысы бойынша Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы бейбіт келісімге дайындық жүргізу мақсатында екі елдің сыртқы істер министрлерінің келіссөзін өткізу туралы өзара келісімге келгенін құптаймын.
Бұл маңызды шараның Алматыда ұйымдастырылуының символдық мәні бар. Өйткені 1991 жылы желтоқсан айында ТМД елдерінің тәуелсіз дамуына негіз қалаған және мемлекетаралық шекараны анықтау қағидаларын бекіткен тарихи құжатқа – Алматы декларациясына қол қойылған еді.
Алдағы кездесу әзербайжан-армян уағдаластығының нақты іске асуына жол ашып, жуық арада Оңтүстік Кавказда тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшіліктің орнауына ықпал етеді", - делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, жақында Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері Алматыда кездесетіні мәлім болды. Бұл жөнінде 28 сәуірде Әлиев АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Блинкенмен телефон арқылы сөйлескен кезде айтқан.
Еске салсақ, бұған дейін Арменияға сапары барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Армения мен Әзербайжан арасындағы қатынасты тезірек реттеуге шақырған еді. Сондай-ақ келіссөздер үшін Қазақстан өз алаңын ұсынуға дайын екенін айтты.
Ереванда өткен келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян Оңтүстік Кавказда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2094194-toqaev-azerbaizhan-men-armeniia-arasyndagy-almatyda-otetin-kelissozder-protsesine-qatysty-malimdeme-zhasady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.