Владимир Путин шілдеде Астанаға келеді
Жарияланған күні:
Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин келесі айда Астанаға баруды жоспарлағанын айтты – шілдеде бұл қалада ШЫҰ саммиті өтеді, деп хабарлайды РИА Новостиге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ресей Федерациясының басшысы Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында әлемнің жетекші ақпарат агенттіктерінің басшыларымен кездесуінде алдағы жоспарларын сөз етті.
"Жақында Астанаға барғалы отырмыз. Ол жақта ШЫҰ саммиті және басқа да түрлі іс-шаралар өтеді. Менде шақырту бар. Әрине, оны қолданамын", - деді Ресей президенті.
Айта кетейік, кеше Ақорда өкілдері Шанхай ынтымақтастық ұйымының биылғы саммиті Астанада 3-4 шілдеде өтетінін мәлімдеді.
Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, жиында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықтың көптеген өзекті мәселесін қарастырады.
Форумға бақылаушы елдер мен диалог бойынша серіктес мемлекеттердің басшылары қатысады деп жоспарланып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2112996-vladimir-putin-shildede-astanaga-keledi/