Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шаруаға ширақ, елге жанашыр азаматтар болғаны дұрыс": Тоқаев әкімдер қандай болуы керек екенін айтты

Жарияланған күні:

шенеунік
Көрнекі фото: pxhere.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумындағы сөзінде әкімдер қандай болуы керек екенін айта келе, мәслихат депутаттары мен әкімдер бірлесе жұмыс істегені жөн екенін атап өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

"Мәслихаттар мен әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс істеуі керек.

Реформаның арқасында еліміздегі әкімдер институты айтарлықтай өзгерді. Ауыл әкімін тікелей сайлау тәсіліне біржола көштік. Аз уақыттың ішінде ауыл әкімдерінің 90 пайызына жуығы жаңарды. Сондай-ақ аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жүйесін пилоттық жоба ретінде сынап көрдік. Биылғы Жолдауда айттым, олардың бәрі жаңа жылдан бастап сайланатын болады. Осылайша, басты билік тармақтары түгел сайлау жүйесіне көшті. Қазақстан тарихында ешқашан ондай тәжірибе болмаған. Тіпті, мұндай ауқымды реформа осы аймақта біздің елде ғана жасалып жатыр деуге толық негіз бар. Мұның бәрі – демократиялық даму жолындағы айрықша маңызды қадамдар", - деді президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, елімізде халықтың жартысына жуығы ауылда, ауданда тұрады. Сондықтан азаматтардың көпшілігі үшін тікелей сайлау үйреншікті, қалыпты нәрсеге айналды.

"Бұл жағдай жұрттың сайлау мәдениетін көтереді, саяси институттарды нығайтады. Жалпы, әкімдерді тікелей сайлау жүйесі елімізде жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына жол ашты. Жергілікті атқарушы билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастады. Кәсіпкерлердің, қоғамдағы белсенді азаматтардың, жастардың арасынан шыққан әкімдер аз емес. Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тәжірибе жинап жатыр. Жедел шешім қабылдап, жұмысты дер кезінде ұйымдастыруға бейімделіп келеді. Бұл қыста жылу-энергетика саласында күрделі жағдай болған кезде анық байқалды. Көктемдегі тасқын да кімнің қолынан іс келетінін нақты көрсетті. Шаруаға ширақ әрі елге жанашыр азаматтардың әкім болғаны дұрыс. Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Әсіресе, мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде.

Айта кетейік, 3 қазанда барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының форумы өтетіні, онда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлейтін хабарланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумындағы сөзінде мінберде жас депуттаттар көбейгенін, олардың өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүргенін айтты.

Форумда мемлекет басшысы мәслихат депутаттарының біліктілік деңгейін арттыру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы қажеттігін мәлім етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде АЭС бойынша өтетін референдумның маңызына тоқталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2169234-sharuaga-shiraq-ari-elge-zhanashyr-azamattar-akim-bolgany-durys-toqaev-maslihattar-men-akimdikter-birge-zhumys-isteui-kerektigin-zhetkizdi/