Тоқаев Испания короліне жеделхат жолдады
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Испания короліне құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл жөнінде Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта король VI Фелипені Испанияның ұлттық күнімен құттықтап, Корольдікті іргесі берік, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен халықаралық сахнадағы беделі жоғары мемлекет ретінде бағалады.
"Мемлекет басшысы Қазақстан мен Испания арасындағы стратегиялық серіктестік уақыт өткен сайын нығайып келе жатқанын зор ризашылықпен атап өтіп, бірлескен күш-жігер арқылы өзара тиімді ынтымақтастық екі ел халқының игілігі үшін ұдайы дами беретініне сенім білдірді.
Қазақстан президенті Испания королінің барлық игі бастамасына толайым табыс, ал достас испан халқына бақ-береке тіледі", - делінген ресми хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2173399-toqaev-ispaniia-koroline-quttyqtau-zhedelhatyn-zholdady/