Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талғар қаласының әкімі Бахыт Күрішбеков пен оның орынбасары қызметінен босатылды

Жарияланған күні:

Бахыт Күршібеков
Бахыт Күршібеков. Фото: instagram.com/kurishbekovbakhyt

Талғар қаласының әкімі Бахыт Күрішбеков пен әкімнің орынбасары Матан Сағындық қызметінен босатылды. Бұл туралы аудандық әкімдікке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Аудандық әкімдігінің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Талғар қаласының әкімі Бахыт Күрішбеков, қала әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылған.

Басқа лауазымдағы қызметкерлердің жауапкершілік деңгейі пысықталып жатыр", - делінген ресми хабарламада.

Талғардағы Шерзат Болат қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын сұрады.

12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.

Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2174471-talgar-qalasynyng-akimi-men-onyng-orynbasary-qyzmetinen-bosatyldy/