"Қызылорда-Жезқазған" күре жолының Қызылорда аймағындағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын
Жарияланған күні:

31 қазанда Қызылорда облысында "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК мамандары мен "ҚазАвтоЖол" компаниясының ұйымдастыруымен "Сапа керуені" баспасөз туры өтті. БАҚ өкілдеріне жол құрылысы, қайта жөндеу және автомобиль жолдарының сапасын тексеруге қатысты технологияларды қолдану процесі түсіндірілді. KAZ.NUR.KZ тілшісі автожолдағы үш учаскеде аяқталған асфальт төсеу жұмыстарын бақылап қайтты.
Қызылорда облысында жергілікті маңызы бар жолдың ұзындығы – 3524 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар жол 1024 шақырым болады. "Қызылорда-Жезқазған" учаскесі 424 шақырымға созылса, оның 216 шақырымы Сыр өңіріне тиесілі жол болып есептеледі.
Қызылорда облысы аумағындағы "Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы" автожолын қайта жаңарту учаскесінің жалпы ұзындығы 192 шақырымнан (24-216 шақырым аралығы) тұрады. 2022 жылы басталған жобаны іске асыруға шамамен 72,7 млрд теңге бөлінді.

Қызылорда облысындағы құрылыс жұмыстары ЕҚДБ-мен бірлесіп қаржыландыру арқылы 2022 жылдың ортасында басталды, ал абаттандыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары ескеріле отырып, 2025 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы Нұртілек Хасеновтің айтуынша, жол жөндеуге 700-ден астам жұмысшы, 400-ге жуық техника жұмылдырылған.
"Қызылорда-Жезқазған" автожолы бойынша Қызылорда облысы аумағында 192 шақырым жол қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Қазір мердігер компаниялар жолға қиыршық-мастикалық асфальтбетон (ШМА) төсеп, абаттандыру, асфальт төсеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қалған айналма жолдарға белгіленген мерзімде жасалады деп жоспарланған. Жылдың соңына дейін 140 шақырымында жаңа асфальт қабатымен жол қозғалысын ашатын боламыз".

Құрылыс жұмыстары 5 лотты қамтиды. Өңірдегі жол құрылысында "Қытай Азаматтық Инженерлік Құрылыс Корпорациясы" ЖШС, "Қыран" ЖШС, "Гуйчжоу жол-инженерлік корпорациясы" ЖШС, ООО "StecolCorporation", Қазақстан Республикасындағы жолдар мен көпір салу бойынша "Лунцзянь" жауапкершілігі шектеулі акционерлік қоғамының филиалы жұмыс істеп жатыр.
Келісімшарт талаптары бойынша мердігер компаниялар үшін 5 жыл кепілдеме мерзімі белгіленген. Осы уақыт аралығында салынған жолдан қандай да бір ақау табылса, мекеме өз қаражатына қайтадан жөндеп беруге міндетті.
Жолдың сапасын мердігерлер зертханасы, білікті инженерлер, Қызылорда облысы бойынша Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары бақылайды. Сонымен бірге Оңтүстік Кореядан арнайы келген LTD "DOHWA Engineering Co" компаниясы және отандық "М50 Consalting Group" ЖШС бірлескен кәсіпорны техникалық бақылау жұмыстарын жүргізеді.
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының барлық жүйесі автоматтандырылған. Сынамалар шрих-кодтар арқылы тіркеледі, адами фактор болмайды.
"Жобаны іске асыру барысында 2300 материалдан сынама алынды. Нәтижесінде шамамен олардың 12 пайызы немесе 208 сынама нормативтік талаптарға сай келмеді, сондықтан бұл материалдар алмастырылды, кейбірін жол құрылысына қолдануға рұқсат берілмеді. Қазір салынған үш учаскедегі жолдың тегістігі зерттеу жұмыстарының қорытындысымен 96-98 балл жүйесімен бағаланып, нормативтік талаптарға сай келетінін көрсетіп отыр. Бұл өте жақсы деген көрсеткіш", - дейді "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.

"Жол құрылысына қажет қиыршық тас 300 шақырым жердегі Жаңақорған ауданы Шалқия кен орнынан тасымалданады. Құрылыс маңайында темір жол болмағандықтан, материалдар ауыр жүк көліктерімен тасымалданды. Бұл да жол саласының бір қиындығы", - дейді Нұртілек Хасенов.

Қызылорда-Жезқазған бағытында жол жүріп бара жатқан жолаушы да жаңа жолдың сапасына қатысты пікірін білдірді:
"Қызылорда аумағында аяқталған жолдың сапасы тамаша! Жол дұрысталса, уақыт үнемделеді, көлік жөндеуге кететін шығындар да азаяды. Жолшыларға ризашылығымды білдіремін. Енді Ұлытау бөлігіндегі жолдың сапасы жақсарса керемет болар еді", - дейді Райымбек Серік.

Ұлытау облысына тиесілі 208 шақырым жол келесі жылы қайта жөндеуден өтеді. Қазір мердігерлер анықталып, 8 учаске бойынша дайындық жұмыстары жүргізілу үстінде. Әсіресе, айналма жолдар құрылысы, құжаттарды рәсімдеу, мердігерлердің дайындығы секілді жұмыстар пысықталып жатыр. Ұлытау өңіріндегі жол құрылысы 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Жолшылар бұл салада кадр тапшылығы қатты сезілетінін айтады. Былтыр Қазақстандағы оқу орындарына жол құрылысы мамандығы бойынша 800-ге жуық грант бөлінген. Десе де бұл бағытты 40-тан астам талапкер ғана таңдаған көрінеді. Кадр аз болғандықтан елдегі жол құрылысына шетелдік инженерлерді шақыртуға мәжбүр екенін жеткізді сала мамандары.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2181654-qyzylorda-zhezqazgan-kure-zholynyng-qyzylorda-aimagyndagy-zhondeu-zhumystary-aiaqtaluga-zhaqyn/