Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы тағайындалды
Опубликовано:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаныш Әбубәкіровті жаңа қызметке тағайындады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Мемлекет басшысының өкімімен Қаныш Асанханұлы Әбубәкіров Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.
Айта кетелік, бұған дейін бұл лауазымдарды Сұлтан Қамалетдинов атқарды. Ол мемлекет басшысының өкімімен қызметінен босатылды.
Ал Қаныш Әбубәкіров қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары болған еді.
Қорғаныс министрлігінің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, Қаныш Асанханұлы 1977 жылғы 12 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Ордабасы ауданы Төрткөл ауылында дүниеге келген.
ҚР Қарулы күштері Әскери академиясын және Ұлттық қорғаныс университетін бітірген.
II дәрежелі "Айбын", II дәрежелі "Даңқ" ордендерімен және "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталған.
Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде десанттық-шабуылдау батальоны барлау ротасы барлау тобының командирінен Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығына дейінгі жолдан өткен.
Штаб бастығы – 61993 әскери бөлімі командирінің орынбасары, 22750, 25744, 61993 әскери бөлімдерінің командирі болған.
Әр жылдары Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары – жауынгерлік дайындық басқармасының бастығы, штаб бастығы – Құрлық әскерлері Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, Құрлық әскерлері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, Бас штаб бастығы – Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары лауазымдарын атқарған.
2024 жылғы 4 қаңтарда президент өкімімен қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/appointments/2332446-qorganys-ministrining-birinshi-orynbasary-qr-qaruly-kushteri-bas-shtabynyng-bastygy-tagaiyndaldy/