Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан Халық партиясының төрағалығынан кетті
Жарияланған күні:
Астанада Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс съезі өтті. Делегаттар партияның жаңа төрағасы етіп Нұрсұлтан Шоқановты сайлады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Партияның ресми сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, партияның бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев съезге қатысушылар алдында сөз сөйлеп, кейінгі үш жылдағы жұмысты қорытындылаған.
Сонымен қатар Ертісбаев партия басшылығының ауысуына қатысты пікір білдірген.
Оның айтуынша, бұл жаңару – кез келген саяси ұйымның дамуындағы заңды кезең. Әсіресе, жаңа Конституция қабылданғаннан кейін Қазақстанда жүріп жатқан ауқымды саяси өзгерістер кезеңінде мұндай қадамның маңызы зор.
"Дамудың кез келген кезеңі жаңаруды талап етеді. Бұл – табиғи процесс, онсыз алға жылжу мүмкін емес", - деді ол.
Ертісбаев, Халық партиясы меритократия, кәсіби біліктілік, жауапкершілік пен сабақтастық қағидаттарына негізделген заманауи басқару мәдениетін жүйелі түрде қалыптастырып келе жатқанын атап өтті. Сол себепті жаңа төрағаны сайлау кезінде оның нақты жұмыс нәтижелері, басқарушылық тәжірибесі мен көшбасшылық қасиеттері, сондай-ақ команданы ұйыстыра білу және партияны одан ары дамыту қабілеті ескерілген.
Дауыс беру қорытындысы бойынша делегаттар Нұрсұлтан Шоқановты Қазақстан Халық партиясының төрағасы етіп сайлаған.
Жаңа төрағаны таныстырған Ермұхамет Ертісбаев Нұрсұлтан Шоқановтың партия мүшелеріне жақсы таныс екенін, оның аймақтық құрылымдарды басқарудан бастап, партияның негізгі ұйымдастырушылық жобаларын іске асыруға дейінгі барлық сатыдан өткенін айтты.
Оның сөзінше, Шоқанов ұйымның ішкі жұмысын жете біледі, заманауи басқару тәжірибесіне ие және әріптестерінің арасында беделі зор.
Нұрсұлтан Шоқанов 1986 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын (КИМЭП) "қаржы" мамандығы бойынша тәмамдаған, кейінірек Швейцариядағы IMD бизнес-мектебінде Executive MBA дәрежесін алған.
Еңбек жолын Ernst & Young халықаралық аудиторлық компаниясында бастаған. Кейін "Сандриллинг" мұнай сервистік компаниясында басқарушылық лауазымдарды атқарып, корпоративтік қаржы, әкімшілік басқару, компанияларды біріктіру және қосып алу (M&A) жобаларына, сондай-ақ дағдарысқа қарсы басқару жұмыстарына жауапты болған.
2009 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысады. Ол қоғамдық тамақтану, тағам жеткізу, ритейл, ақпараттық технологиялар, өндіріс және дистрибуция салаларында жұмыс істейтін OMIR Group компаниялар тобының директорлар кеңесін басқарады. Бүгінде топқа қарасты кәсіпорындар Қазақстанның алты қаласында және төрт шет мемлекетте қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Шоқанов 2021 жылдан бастап Қазақстан Халық партиясынан Алматы қалалық мәслихатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты болып сайланып, құрылыс, сәулет, қалалық инфрақұрылым, урбанистика және жер қатынастары мәселелері жөніндегі бейінді комиссияларды басқарған.
2022 жылғы желтоқсаннан бастап Қазақстан Халық партиясының Алматы қалалық, кейіннен Алматы облыстық филиалдарына жетекшілік еткен.
2023 жылы Алматы қаласының "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасын басқарған, кейіннен "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының мүшесі – басқарма төрағасының орынбасары болып сайланған.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Шоқанов – Қазақстан Республикасы Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті.
Қазақстан Халық партиясы жаңа төрағаның сайлануы сабақтастыққа, институционалдық тұрақтылыққа және саяси қызметтегі заманауи тәсілдерге негізделген жаңа даму кезеңінің бастауы болатынын мәлімдеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/appointments/2393566-ermuhamet-ertisbaev-qazaqstan-halyq-partiiasynyng-toragalygynan-ketti/