Шынар Ақпарова оқу-ағарту бірінші вице-министрі болып тағайындалды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Шынар Ақпарова бүгін Қазақстан оқу-ағарту бірінші вице-министрі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Ол бұған дейін вице-министр қызметін атқарған.
Министрлік мәліметінше, бүгін ведомство басшысы Жұлдыз Сүлейменова Министрлік ұжымына оқу-ағарту бірінші вице-министрі болып тағайындалған Шынар Ақпарованы таныстырды.
"Қазақстан үкіметінің қаулысымен Шынар Қуанышқызы Ақпарова Қазақстан Оқу-ағарту бірінші вице-министрі болып тағайындалды. Осы тағайындауға дейін ол 2025 жылғы қарашадан бастап Оқу-ағарту вице-министрі қызметін атқарды", - делінген министрлік хабарламасында.
Өмірбаяны
Шынар Ақпарова 1972 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Целиноград қаржы-экономикалық техникумын, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. Әр жылдары мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, әдіскер болып жұмыс істеп, білім сапасын бақылау және қамтамасыз ету жүйесінде түрлі қызметтер атқарған.
2020-2023 жылдары Қарағанды облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары, 2023-2025 жылдары аталған департаменттің басшысы болды. 2025 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/appointments/2411954-shynar-aqparova-oqu-agartu-birinshi-vitse-ministri-bolyp-tagaiyndaldy/
