Ербол Нұрғалиев Құрылтай депутаты атанды: Ол ШҚО әкімінің орынбасары қызметінен кетті
Жарияланған күні:
Читать на русском
Ербол Нұрғалиев Құрылтай депутаты атанғаннан кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметінен кетті. Ол бұл туралы Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Нұрғалиев кеше өзі үшін ерекше күн болғанын атап өтті. Ол туған өлкесі Шығыс Қазақстандағы жұмысының маңызды кезеңі аяқталғанын, енді Құрылтай депутаты ретінде жаңа қызметке кірісетінін сөз етті.
"Облыс әкімінің орынбасары қызметінен кете отырып, ең алдымен бірге жұмыс істеген, пікірталасқа түскен, шешім іздеген және идеяларды жүзеге асырған барша жанға алғыс айтамын.
Маған өз өлкесін шын жүректен сүйетін жандармен – қоғам белсенділерімен, спортшылармен, мәдениет және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен, жастармен, ардагерлермен және қарапайым белсенді тұрғындармен жұмыс істеу бақыты бұйырды", - деп жазды Ербол Нұрғалиев.
Нұрғалиевтің айтуынша, ол облыстың барлық түкпірінде болған. Өңірдің тыныс-тіршілігін, мәселелерін және тұрғындарды толғандыратын сұрақтарды жақсы біледі.
"Енді менде басқа алаң және басқа өкілеттіктер болады. Алайда басты мақсатым – туған өлкеме пайдалы болу ниетім өзгеріссіз қалады.
Құрылтай депутаты ретінде Шығыс Қазақстан туралы айтуды жалғастырамын. Өңірдің мәселелерін көтеріп, жерлестерімнің мүддесін қорғаймын, қоғамдық және мәдени бастамаларға қолдау көрсетемін.
Маған көрсеткен сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын, оны әрқашан сезініп келдім", - деп алғысын білдірді ШҚО әкімінің бұрынғы орынбасары.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/appointments/2419876-erbol-nurgaliev-quryltai-deputaty-atandy-ol-shqo-akimining-orynbasary-qyzmetinen-ketti/
