Жетісу облысындағы қалалардың біріне жаңа әкім тағайындалды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Жетісу облысында Текелі қаласының жаңа әкімі тағайындалды. Бұл қызметке бұған дейін энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарған 44 жастағы Айдос Бекетаев тағайындалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның ресми сайтында хабарланғандай, Жетісу облысында кадрлық өзгерістер болды. Президент әкімшілігінің келісімімен және қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен Текелі қаласының әкімі болып 44 жастағы Айдос Бекетаев тағайындалды. Жаңа әкімді Текелі қаласының активіне облыс басшысы Бейбіт Исабаев таныстырды.
Актив отырысында Бейбіт Исабаев Текелі қаласының әкімі қызметін 4 жыл атқарып, басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылған Алмас Әділге қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Жүктелген міндеттері
Өңір басшысы жаңа әкімге бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды одан әрі дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестиция тарту тапсырылды. Сонымен қатар туризмді дамыту бағытындағы жұмысты күшейтіп, іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларды сапалы аяқтау міндеттелді.
Өмірбаяны
1982 жылы туған. Білімі жоғары. "Тұран" университетін қаржы, Жетісу мемлекеттік университетін мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтары бойынша бітірді. Техника және технология магистрі.
Мансабы
Айдос Бекетаев мемлекеттік органдарда 16 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Еңбек жолын "Ерсак" ЖШС-ның менеджері болып бастады.
Кейін Алматы қалаcы Түрксіб ауданы әкімі аппаратының көріктендіру бөлімінің бас маманы, коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары болды.
2023 жылғы қазан айынан Жетісу облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/appointments/2423279-zhetisu-oblysyndagy-qalalardyng-birine-zhanga-akim-tagaiyndaldy/
