Сыр елінің бас шаһарында «Қаламгерлер аллеясы» ашылды
Жарияланған күні:

Қызылорда қаласының орталығынан «Қаламгерлер аллеясы» ашылды.
Бұған дейін шаһар басшысы Ғанибек Қазантаев Сыр журналистерімен кездесуде айтылған ұсыныстарды қабыл алып, «Қаламгерлер аллеясын» ашуды жоспарлаған болатын. Ол орын Сырдың алыптары - Қалтай Мұхамеджанов, Әбділдә Тәжібаев және Зейнолла Шүкіровтердің ескерткіші орналасқан аумақ болып белгіленді.
Ардагер журналистер Жолдасбек Ақсақалов және Игорь Титенок «Қаламгерлер аллеясының» салтанатты түрде лентасын қиып, ашып берді.

Қаламгерлер аллеясы алдағы уақытта шығармашылыққа жақын жандардың бас қосар алаңына айналып, түрлі шараларды өткізетін рухани орын болмақ.

Салтанатты шарадан кейін Сыр журналистері қала әкімі Ғанибек Қазантаевпен кездесті. Ең алдымен шаһар басшысы қаламгерлер қауымын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен және «Қаламгерлер аллеясының» ашылуымен құттықтады.

Дөңгелек үстел басындағы жүздесуде бұған дейін журналистер тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу жайы айтылып, алдағы жоспарлар талқыланды.
"Қаламгерлермен тоқсан сайын жүздесіп, еркін форматта ой бөлісуді жоспарыма енгіздім. Бүгінгі күнге дейін өздеріңізбен кездесіп, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдадым. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі ауыз су, жолаушылар тасымалы, жол сынды инфрақұрылымдарға қатысты болды. Мен де әкімдік қызметіме кіріскеннен бастап, коммуналдық қызметтің барлығына түбегейлі зерделеу жұмыстарын жасадым.
Ауқымды шараларды жүзеге асыру үшін ұзақ уақыт керек болса да, тың бастамаларды жоспарладық. Онымыз ойымыздағыдай шықты. Оған қоса, қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту бойынша да жарқын жобаларды бастадық. Маған халықпен бірге, олардың мұң-мұқтажын жеткізіп жүрген, шынайы сын айтатын журналистердің пікірі маңызды", – деді қала әкімі Ғанибек Қазантаев.

Келелі кездесуде қаламгерлер қоғамды толғандырған тақырыптар бойынша сауалдарын жолдады. Қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы әрбір сұраққа жан-жақты жауабын беріп, өзінің де ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, тоқсан сайын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, көтерілген мәселелердің шешілу барысын талқылайтындығын жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/1944812-syr-elinin-bas-saharynda-qalamgerler-alleyasy-asyldy/