Тоқаев: Әкімдер өзі басқаратын қалаларды аралап, көбірек жаяу жүруге тиіс
Опубликовано:

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы қалалардың, оның ішінде ел астанасының да келбеті көңіл көншітерлік емес екенін мәлімдеді. Ол әкімдерді жағдайды өз көзімен көру үшін қаланы жаяу аралауға шақырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Біз ең бірінші кезекте қалаларымыздың, әсіресе астанамыздың жай-күйіне назар аударуымыз керек. Қалаларымыздың келбеті көңіл көншітерлік емес екенін мойындау керек. Балалар алаңқайлары жабдықталмаған, үйлердің тозығы жеткен. Шетелдерде боламыз, әсіресе Шығыс Еуропада, Балқанда бізден де аз бюджет болса да, жағдайы анағұрлым жақсырақ, тазарақ қалалар бар.
Бұл муниципалды биліктің жұмысы шығар, алайда екінші жағынан жергілікті тұрғындардың өзі тұратын жерге деген қарым-қатынасының көрінісі, бұл тұрғыда бізде ол тиісті деңгейде емес. Біз қалалықтардың өз көшесіне, үйіне және басқасына ұқыпсыз, жауапсыз қарауы секілді проблемаларға тап болып жатамыз", - дейді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл елдің беделін түсіреді.
"Бұл жағдай астанада да бар. Мен бір емес, бірнеше мәрте елорда деген деңгейге қала орталығы ғана емес, шеткі аймақтар да сай болуға тиіс дегенді айтқан болатынмын. Астана болсын, басқа қалалар болсын, әсіресе облыстық деңгейдегі немесе мәртебесі одан төмендеу қалалардың келбеті өте нашар. Бұл тұста, барлық деңгейдегі әкімдер, мәслихат өкілдері, назар аударыңыз!
Жақында ТВ-дан Семейдегі балалар алаңқайы туралы бір сюжет көрсетіп жатыр. Мұндай алаңқайды қолдану қауіпті. Әкімдер өзі басқаратын қалалар мен елдімекендерді жаяу аралауы керек. Бұл елордаға да қатысты", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2017361-toqaev-akimder-ozi-basqaratyn-qalalardy-aralap-kobirek-zayau-zuruge-tiis/