Еңбек адамы "Алтын домбыра" айтысының басты тақырыбына айналды
Жарияланған күні:

Елордада AMANAT партиясының қолдауымен Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған "Алтын домбыра" республикалық ақындар айтысы басталды. "Еңбек – ел ырысы" тақырыбындағы дәстүрлі жыр аламаны биыл қарапайым еңбек адамдарына арналып отыр.
Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының мәртебесін көтеруді үнемі айтып жүргеніне ерекше назар аударып, Республика күні қарсаңында президент 700-ден астам қарапайым еңбек адамын мемлекеттік наградамен марапаттағанын атап өтті.
Бұл – адал да табанды еңбегімен тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп келе жатқан азаматтарымызға деген құрмет.

"Биылғы "Алтын домбыра" ақындар айтысының өзіндік мәні бар. Бүгінгі айтыс қарапайым еңбек адамдарына арналады. "Еңбек – ел ырысы" деп отырмыз. Себебі, берекенің бастауы – еңбекте. Ал, оның иесі де, киесі де – қарапайым еңбек адамдары.
Осы ретте мемлекет басшысы "Адал азамат" ұғымын қоғам санасына сіңіруді ұсынды. Айналып келгенде, мемлекетті мемлекет, елді ел қылып отырған бай-бағыландар емес, қатардағы жұмысшылар, малшылар, диқандар, ұстаздар мен дәрігерлер. Қазір оларға деген қоғамның шынайы құрметі оянып келеді", – деді Ерлан Қошанов.

Өз кезегінде, айтыс тізгінін ұстаған белгілі ақын, мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай көзіқарақты көрерменге қазылар алқасының құрамын және ақындар қауымын таныстырды.

"Айтыс – ұрпақтан ұрпаққа әкенің қаны, ананың сүтімен жеткен қастерлі өнер. Бүгін елорда төрінде еңбек адамының қадір-қасиетін, олардың қоғамдағы айрықша орнын жырға қосамын деп ойы өрелі, сөзі сүбелі айтулы ақындар бас қосып отыр. Баршаңызға сәттілік тілеймін", – деді Аманжол Әлтай.

Айта кетейік, екі күнге созылатын аламан айтыста еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 16 ақын өнер көрсетеді. Кіл жүйрік те кім жүйрік екені ертең белгілі болмақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2045280-enbek-adamy-altyn-dombyra-aitysynyn-basty-taqyrybyna-ainaldy/