Саясат

Зектілері

Әкім лауазымынан босатылған Ноғаев маңғыстаулықтарға үндеу жолдады

Жарияланған күні:

Нұрлан Ноғаев
Нұрлан Ноғаев. Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Маңғыстау облысының әкімі қызметінен босатылған Нұрлан Ноғаев өңір халқымен қоштасу жазбасын жариялап, облысқа басшылық еткен кезеңінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, мемлекет басшысы мен әріптестеріне алғысын білдірді. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ноғаевтың қоштасу жазбасы өңір әкімдігінің Telegram-дағы ресми арнасында жарияланды.

"Құрметті маңғыстаулықтар, қадірлі жерлестер! Өздеріңізбен бірге өңіріміздің дамуы мен игілігі үшін жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе болды.

Үш жылға жуық уақыт бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев маған Маңғыстау облысын басқаруды тапсырды, осы үлкен сенімі үшін президентімізге рахмет айтамын.

Менің барлық жұмысым сіздердің көз алдарыңызда болды, өздеріңізбен түрлі мәселемен жиі жүздестік, келісіп отырып қажет шешімдерді қабылдадық. Атап айтқанда, өндіріс орындарын, шаруашылықтарды, тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету, МАЭК-тің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, инженерлік желілерді жаңарту, негізсіз бөлінген жер телімдерін қайтару және заңсыз құрылыстармен күресу бағытында, т.т. ауқымды жұмыстар атқарылды.

Осы үш жыл ішіндегі облыс игілігі үшін бірлескен нәтижелі еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын", - делінген жазбада.

Сондай-ақ Ноғаев әріптестеріне, әр деңгейдегі депутаттық корпусқа, барлық кәсіпорын ұжымына және Маңғыстау жұртына алғысын білдірді.

"Ашық аспан астындағы мұражай атанған осынау киелі өлкеде өткен кезең менің жүрегімде жылы естелік болып мәңгі сақталады. Маңғыстау – экономикасы нық, даму әлеуеті зор өңір. Ең бастысы өз елін сүйетін, оның гүлденуі үшін барын салатын рухы биік халқы бар. Сіздерге барлық жақсылықты тілей отырып, табыс пен жаңа жетістіктерге жете берулеріңізге шын жүректен тілектеспін", - деп түйіндейді сөзін Ноғаев.

Еске салсақ, 16 мамырда мемлекет басшысының жарлығымен Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысының әкімі лауазымынан босатылды.

Нұрлан Ноғаевтың орнына Маңғыстау облысының әкімі болып Нұрдәулет Қилыбай тағайындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2102795-akim-qyzmetinen-bosatylgan-nogaev-malimdeme-zhasady/