Саясат

Зектілері

Ақтау әкімі қаладағы жылу желілеріндегі ақау неден шыққанын түсіндірді (видео)

Жарияланған күні:

жылыту маусымы
Жылу батареясы. Көрнекі фото: pexels.com

Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов жылу желілеріндегі ақау күрделі жөндеу жүргізілген құбырлардан емес, тарату желілерінен шығып жатқанын, тұрғын үйлерге жылу жеткізу бойынша қазір қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл туралы Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Облыстық қоғамдық коммуникациялар орталығының Telegram-дағы ресми арнасында қала басшысының тұрғын үйлерге жылу беру мәселесі бойынша түсіндірмесі жарияланды.

"Әлеуметтік желілерде тұрғындар тарабынан жылыту маусымына дайындықты неге жаз мезгілінде жасамағаны жөнінде көп сұрақ түсіп жатыр. Жаз мезгілінде де дайындық жұмыстары жүрді. Бірақ орталық жылыту құбырларына күрделі жөндеу жүргізілу кезінде жылу құбырларында сумен, яғни гидравликалық сынақ өткізу мүмкін болмағаны өздеріңізге де мәлім", - дейді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.

Оның айтуынша, 13 қазанда 11,5 км болатын орталық жылу құбырларында күрделі жөндеу жұмысын жүргізу аяқталып, 15 қазанна бастап Ақтауда жылыту маусымы басталған. Дегенмен тарату желілерінде ақау шыққан, әкім қазір ол ақауларды апаттан құтқарушы бригадалар жөндеп жатқанын атап өтті.

"Қазіргі таңда орталық жылыту құбырларында емес, тарату желілерінде ақаулар шығып жатыр. Ақтау қаласының тарату желілері 469 шақырым болады, ол Каспий жылу, су арнасы мекемесінің теңгерімінде. Сол ақауларды жөндеуге қазіргі таңда мекемеден 11 апаттан құтқарушы бригада, Ақтау қалалық әкімдігінен 6 апаттан құтқарушы бригада ұйымдастырылды. Бұдан басқа осы ақауларды тезірек жөндеп, әр пәтерге жылу жеткізу бойынша жұмыстар ұйымдастырылып жатыр", - деді Ақтау әкімі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2176991-aqtau-akimi-qaladagy-zhylu-zhelilerindegi-aqau-neden-shyqqanyn-tusindirdi-video/