Түркістан облысының тұрғындары неге басқа елдерде жұмыс істеуге әуес: әкім жауап берді
Жарияланған күні:

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңір жастарының басқа елге жұмыс істеуге кету үрдісі мәселесін көтерді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
"Мен Оңтүстік Кореяда болдым, сол жердегі елшіліктегі жігіттерден сұрасам, біздің "15 мыңға жуық азаматымыз заңсыз жұмыс істеп жүр" дейді. Оның жартысы Түркістан облысының тумалары болуы керек дегенді естідім. Егер біз өзімізде жұмыс бере алмай, жаңа зауыт, фабрика ашпасақ, әрине, жастарымз жеріне қарамай, басқа жаққа жұмыс іздеп кете береді. Бағана баяндамамда айтып өткендей, Ұлыбританияға Сарыағаш сынды аймақтардан кетіп жатқандар көбейгендіктен орталық ашуға тура келді. Ал олар неге кетіп жатыр? Өйткені біз жұмыс бере алмай отырмыз", - деді Дархан Сатыбалды.
Оның айтуынша, индустриялық жобаларды іске асыру үшін шетелдік инвесторларды белсенді тарту қажет.
"Біз мұндай жобалардан қорықпауымыз керек, үйренуіміз керек. Біз осылай отыра берсек, не болмақ?" - деді ол.
Бұған дейін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды брифинг барысында арнайы комиссия Кентау қаласын экологиялық апат аймағы ретінде танығанын мәлімдегенін хабарлаған болатынбыз. Енді қала тұрғындарының жалақысына 20 пайыз үстемақы қосылуы тиіс, оған 6 млрд теңге қажет.
Сонымен қатар Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала басшысынан өңір елдегі "кедей" аймақтар арасында көш бастап тұрғаны туралы сұрақ қойылғанын жазған болтынбыз. Сауалға жауап берген әкім Түркістан облысын "кедей" өңір деп санамайтынын айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2193879-turkistan-oblysynyng-turgyndary-nege-basqa-elderde-zhumys-isteuge-aues-akim-zhauap-berdi/