Саясат

Зектілері

Тоқаев үкімет пен парламентке екінші АЭС-ті қай аймақта салу қажет екені туралы ұсыныс беруді тапсырды

Жарияланған күні:

АЭС
Атом электр станциясы. Көрнекі фото: freepik.com

Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде энергия тапшылығына байланысты ядролық кластер құру ісін қолға алу керек екенін айтты. Президент үкімет пен парламентке екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде ұсыныс беруді тапсырды. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы арнасында хабарлады.

Президенттің айтуынша, елде энергия тапшылығы артып келеді.

"Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет.

Үкіметке "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет.

Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды.

Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық", - деді президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2215820-toqaev-ukimet-pen-parlamentke-ekinshi-aes-ti-qai-aimaqta-salu-qazhet-ekeni-turaly-usynys-berudi-tapsyrdy/