Саясат

Зектілері

Болат Жәмішев "Қазақстан халқына" қорының төрағасы қызметінен кетті

Жарияланған күні:

Болат Жәмішев
Болат Жәмішев. Фото: "Самұрық Қазынаның" ресми сайты

"Қазақстан халқына" қоғамдық қорының төрағасы Болат Жәмішев қызметінен кетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қордың Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Қазақстан халқына" қоғамдық қорын үш жыл басқарған Болат Жәмішев қызметінен кетті. Ол бұл қызметке 2022 жылғы қаңтарда тағайындалған еді. Басқарма төрағасы болып сайланған өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Болат Жәмішев қордағы жұмысынан кету туралы шешім қабылдады. Басшылық еткен тұста Болат Жәмішев қордың қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты.

Қордың қайырымдылық жобалары денсаулық сақтау жүйесін дамытудың, ауылдағы білім беру мен елдегі әлеуметтік қолдаудың, жаңа стандарттарды белгілеудің және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын түбегейлі өзгертудің драйверіне айналды", - делінген хабарламада.

Өз кезегінде Болат Жәмішев қордың бастамаларын қолдаған барлық жанға алғысын айтты.

"Қорда жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілігі мол іс болды. Қор қызметінде біздің бастамаларымызды қолдағандардың барлығына шын жүректен алғыс айтамын. Біз бірігіп айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік және қордың жаңа басшылықпен өз дамуын жалғастыра беретініне сенімім мол. Барлық серіктеске, донорға және қызметкерге ортақ игі ісімізге қосқан үлесі үшін алғыс айтамын", - деді Болат Жәмішев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2216864-bolat-zhamishev-qazaqstan-halqy-qogamdyq-qorynyng-toragasy-qyzmetinen-ketti/