Энергетика министрі КҚК-ге дронмен жасалған шабуылға қатысты түсініктеме берді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ведомствоның алқа отырысынан кейінгі брифингте Каспий құбыр консорциумына (КҚК) дронмен жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Акционерлер мен қазақстандық тараптың келісімі алына отырып жасалған есеп ұсынылды. Өздеріңіз білетіндей, КҚК-ның тұрақты жұмыс істеуіне қажет шамамен 1 млн тонна мұнай сақтайтын ірі резервуарлар бар.
Қазақстан мұнайын қабылдау шектеусіз жүріп жатыр. Қазіргі уақытта тиеу кестеге сәйкес жүргізілуде, ал танкерді толтыру режимі бұрын келісілген схема бойынша іске асырылып жатыр. Бұл қалыпқа келтіру бойынша қазіргі кезеңдегі жағдай. Мұнай транзиттік режимде келіп жатыр", - деді министр Алмасадам Сәтқалиев.
Министр Қазақстанның Украинамен бұл мәселе бойынша байланысқа шыққан-шықпағанын және келтірілген шығынды кім өтейтінін айтып берді.
"Әрине дипломатиялық арналар арқылы консультациялар жүргізілді, қазір бүлінген нысандарды қалпына келтіру кәсіпорынның өз есебінен жүргізіліп жатыр", - деп түсіндірді ол.
Айта кету керек, Украина қарулы күштерінің бас штабы әлеуметтік желіде 17 ақпанда ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына, соның ішінде "Кропоткинская" станциясына соққы жасағанын растады.
Бұл туралы Украина қарулы күштері бас штабының Facebook парақшасында жарияланды.
"Кеше Украина қорғаныс күштері Ресейдегі стратегиялық әскери және отын-энергетикалық инфрақұрылым нысандарына жоғары дәлдіктегі соққы жасады. Сәтті операция нәтижесінде Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Ильский мұнай өңдеу зауыты зақымданды. Нысанда ауқымды өрт тіркелді. "Кропоткинская" және "Андреаполь" мұнай айдау станцияларына да соққы жасалды. Олар соққыдан кейін істен шықты", - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2223948-energetika-ministri-kqk-ge-dronmen-zhasalgan-shabuylga-qatysty-tusinikteme-berdi/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде