Саясат

Зектілері

"Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету": Тоқаев Ұлытау облысының әкіміне бірқатар тапсырма берді

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дастан Рыспеков
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дастан Рыспеков. Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековті қабылдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Өңір басшысы президентке облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарды таныстырған.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен жылы өнеркәсіп өндірісі 8 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 28 пайызға және тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 30 пайызға өскені жөнінде баяндалған.

Облыс әкімінің айтуынша, былтыр өңірге 226 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Оның 89 пайызы – жеке инвестиция. Жалпы сомасы 940 миллиард теңге болатын инвестициялық пул жасақталған. Биыл құны 138 миллиард теңгені құрайтын 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл орайда құрылыс, сауда, логистика, энергияның балама көздері және туризм салалары инвестиция тартуға айтарлықтай тартымды деп танылған.

Мемлекет басшысына жылыту маусымының барысы және "Таза Қазақстан" экологиялық акциясын өткізу жайында мәлімет берілген.

Президентке қатерлі өндіріс орындарында еңбек ететін азаматтардың қауіпсіздігін сақтау бағытында бұған дейін берген тапсырмасына сай атқарылып жатқан жұмыстар туралы да баяндалған. Тиісті шараларды әкімдік үкіметпен бірлесіп жүргізуде.

Бұдан бөлек, Дастан Рыспеков "Қазақмыс" корпорациясының кенішінде таяуда болған апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің отбасыларына қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтқан.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру үшін жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялармен жұмысты жалғастырудың маңызды екенін атап өткен.

Кездесу соңында облыс әкіміне көлік-логистика әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, сапалы медициналық қызмет көрсету, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету және экологиялық мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2225654-toqaev-ulytau-oblysynyng-zhuyrda-tagaiyndalgan-akimi-dastan-ryspekovti-qabyldady/