Министрлік Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесін ресейлік компанияға сату туралы пікір білдірді
Жарияланған күні:

Энергетика министрлігі "Татнефть" мұнай компаниясы мен Атырау мұнай өңдеу зауыты өндірістік тәжірибе алмасу аясында өзара іс-қимыл жасалғанын хабарлады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Мұнай өңдеу саласындағы және басқа да компаниялар арасындағы тәжірибе алмасу, мұнай өндірісі көрсеткіштерін жақсарту үшін стандартты әрі кең таралған үдеріс. Бұған дейін министрлік хабарлағандай, қазір Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесін сату мәселесі қарастырылып жатқан жоқ", - делінген Энергетика министрлігі таратқан ақпаратта.
Айта кету керек, Атырау мұнай өңдеу зауыты ("АМӨЗ" ЖШС) — Қазақстанның жетекші үш мұнай өңдеу зауытының бірі. Ұлы Отан соғысы жылдары салынған және 1945 жылы пайдалануға берілген. Мұнай өңдеу зауытының иесі "ҚазМұнайГаз" ҰК " АҚ (99 пайыз) болып саналады. Өңдеу қуаттылығы жылына 5,5 млн тоннаны, өңдеу тереңдігі 86,4 пайызға тең.
Кәсіпорын тауарлық мұнай өнімдерінің 20-дан астам түрін (таңбалауды қоса алғанда) шығарады: сұйытылған көмірсутекті газдар, автомобиль, дизель отыны, реактивті қозғалтқыштарға арналған отын, вакуумдық газойль, пеш отыны, мазут, мұнай кокстары, техникалық күкірт, параксилол, бензол және т.б. Бүгінгі таңда зауыт Қазақстандағы мұнай-химиялық өнімді шығаратын бірден-бір өндіруші.
Кәсіпорын облыстағы ең ірі салық төлеушілердің бірі бола отырып, Атырау облысының экономикасына қомақты үлес қосып келеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2232278-ministrlik-atyrau-munai-ongdeu-zauytynyng-ulesin-reseilik-kompaniiaga-satu-turaly-pikir-bildirdi/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде