Тоқаев ҚТЖ-ның жаңа басшысын қабылдады
Опубликовано:
Мемлекет басшысы "Қазақстан темір жолы" ҰК АҚ-ның басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновті қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Кездесуде президентке ұлттық компания қызметінің нәтижелері туралы мәлімет берілген. Талғат Алдыбергеновтің айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша эксплуатациялық жүк айналымы 8,6 пайызға ұлғайған. Транзит тасымалының көлемі 14,6 миллион тоннаға жеткен.
Сондай-ақ Талғат Алдыбергенов президентке трансұлттық теміржол дәлізін қалыптастыру үшін 1700 шақырымнан астам жаңа желі салынып, 3 мың шақырым жол жаңғыртылып жатқаны туралы баяндаған.
Оның мәліметінше, биыл Достық-Мойынты учаскесіндегі жолдың екінші бөлігі және Алматы бекетін айналып өтетін темір жол желісінің құрылысы аяқталады. Дарбаза – Мақтаарал жобасын іске асыру жалғасуда. Бақты – Аягөз және Қызылжар – Мойынты желілерінің құрылысы басталды.
Мемлекет басшысына терминал желілерін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде де мәлімет берілген. Қазақстанның Қытай, Ресей, Мажарстан, Беларусь, Әзербайжан және Грузия сияқты елдердің жүк жиналатын негізгі орталықтарымен қарым-қатынас жасауы логистиканы оңтайландырып, Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағыттарындағы тасымалдың тиімділігін арттырады.
Кездесуде цифрландыру мәселесіне айрықша назар аударылған. Әлемдік деңгейдегі инновацияның көшбасшыларымен бірлесіп, теміржол көлігінің сапасын жақсарту және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынған. Транскаспий халықаралық көлік дәлізіндегі транзиттік декларациялауды автоматтандыру логистикалық операциялардың ашықтығын қамтамасыз етіп, жүкті жеткізу мерзімін жеделдеткен. Декларацияны ресімдеу уақыты 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарған.
Мемлекет басшысы Қазақстанның транзит әлеуетін және экономикасын дамытуда компания үлкен рөл атқаратынын атап өтіп, көлік инфрақұрылымын одан әрі жаңғыртудың маңызына тоқталған.
Айта кетейік, Талғат Алдыбергенов "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ның жаңа басқарма төрағасы болып биыл шілденің басында тағайындалған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2270826-toqaev-qtzh-nyng-zhanga-basshysyn-qabyldady/