Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысы басталды
Жарияланған күні:

Астанада Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында "Құрылтай" атты бір палаталы парламентке көшуді, вице-президент лауазымын қайтарып, заң шығару бастамасын көтеруге хақылы "Халық кеңесін" құру бастамасын көтерген болатын.
21 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойды. Оның құрамына депутаттар корпусы мен өкілді билік органдарының мүшелері, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар кірді. Бүгін комиссияның алғашқы отырысы өтіп жатыр.
Комиссияға Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етеді.
Комиссия төрағасының орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Комиссия құрамына Парламент депутаттары, мәслихаттар төрағалары, БАҚ өкілдері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, өңірлердегі қоғамдық кеңестер мен ғылыми қоғамдастық өкілдері, сарапшылар кірді.
"2025 жылғы 8 қыркүйекте Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында жасанды интеллект дәуірінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң ықпал ететін жаңа саяси реформаны жариялады.
Мемлекет басшыс "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" тұжырымдамасы негізінде елімізде бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді.
Өздеріңізге белгілі, парламенттік реформаны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы 2025 жылғы қазан айынан бастап белсенді жұмыс атқарды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен сарапшылар, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Осы уақыт аралығында жұмыс тобы барлық ұсынымдарды мұқият зерделеп, жүйеледі, сондай-ақ азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды жан-жақты талдады.
Азаматтар өз ұсыныстарында тек бір палаталы Парламент мәселесін ғана көтерген жоқ. Осыған орай, Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы шешім қабылдады", - деді Эльвира Азимова.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2335152-astanada-konstitutsiialyq-reforma-zhonindegi-komissiianyng-birinshi-otyrysy-bastaldy/