Алатау қаласына берілген арнаулы құқықтық мәртебе заңды ма: Конституциялық сот мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Конституциялық сот Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңның Конституцияға сәйкестігін тексеруді аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Конституциялық сот Қазақстан президентінің 2026 жылғы 27 наурызда Қазақстан Республикасының парламенті қабылдаған және 2026 жылғы 31 наурызда мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылған "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" Конституциялық заңның Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қараған.
Конституциялық сотта атап өткендей, парламент палаталары Конституциялық заңды Конституцияда белгіленген рәсімдерді сақтай отырып және өз құзыреті шегінде бірлескен отырысында қабылдаған.
Конституциялық заң нормалары Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимінің мақсатын, міндеттері мен қағидаттарын, мемлекеттік басқару органдарының жүйесін, олардың құрылу тәртібі мен өкілеттіктерін, сондай-ақ жекелеген қызмет түрлерін құқықтық реттеу ерекшеліктерін және өтпелі ережелерді айқындайды.
"Конституциялық сот Конституциялық заң нормаларының басым көпшілігі 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Конституция ережелері ескеріліп кезең-кезеңімен қолданысқа енгізіледі және онда Конституциялық заңда көзделген жаңашылдықтар үшін құқықтық негіздер қамтылады деп көрсетті.
Конституциялық бақылау органы Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру – Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары деп, адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту – мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп, сондай-ақ "қарқынды дамитын қала" арнаулы құқықтық режимін белгілеу мүмкіндігі бекітілген жаңа Конституция ережелері Конституциялық заңның іргетасы болып табылады деп ерекше атап өтті.
Осы конституциялық ережелер Алатау қаласы әкімшілігі мен оның органдарының нормативтік құқықтық актілерін қабылдаған және іске асырған кезде мүлтіксіз сақталуға тиіс.
Конституциялық заңның бірінші кезеңде қолданысқа енгізілетін, бұрын жасалған инвестициялық шарттарға, келісімшарттарға және жер қойнауын пайдалануға берілген лицензияларға қатысты өтпелі ережелері тиісті құқықтық қатынастардың құқықтық айқындылығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған және қолданыстағы Конституцияға қайшы келмейді деп атап өтілді", - делінген хабарламада.
Қарау қорытындысы бойынша Конституциялық сот Конституциялық заңды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп таныған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2372216-alatau-qalasyna-berilgen-arnauly-quqyqtyq-martebe-zangdy-ma-konstitutsiialyq-sot-malimdeme-zhasady/