Тоқаев: Әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату жаңа форматта ұйымдастырылады
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату форматы өзгеретінін мәлімдеді. Бұл шара әскердің беделін арттыруға тиіс, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Айбын" ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына баса мән беретінін жеткізді.
Мемлекет басшысы әскери дәстүрлерді " Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы" қағидатына сай жаңғырту жөніндегі бастамаға қолдау білдіргенін хабарлады.
"Бұдан былай әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату секілді үш кезең мемлекеттік протокол тәжірибесіне сәйкес жаңа форматта, ерекше салтанатпен ұйымдастырылады", - деді президент.
Оның айтуынша, мұндай есте қаларлық рәсімдер аталған іс-шаралардың мән-маңызын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады.
Сонымен қатар жастар арасында және жалпы қоғамда әскердің беделін айтарлықтай көтереді.
"Сарбаз болу – зор мәртебе. Қарулы күштер сапында борышын өтеген әр азамат көпшілік құрметіне бөленуі керек. Баршамыз бірге күш жұмылдырсақ, ата-аналар әскери саланы таңдаған ұл-қыздарын мақтан тұтатындай жағдайға жететінімізге сенімдімін", - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерге құрмет және азаматтық жауапкершілік жастар дүниетанымының өзегіне айналуға тиіс екенін айтты.
"Соғыс өрті тұтанып, әскери қақтығыстар ушыққан, мемлекеттер санкциядан көз ашпаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Әлемдегі ахуалды алдын ала болжау барған сайын қиындап барады. Осындай кезде ел келешегіне енжар қараудың салдары кейін өзімізге ауыр тиюі мүмкін", - деді мемлекет басшысы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз