Премьер-министр Бектенов Алматы облысының әкімі Сұлтанғазиевті сынға алды
Жарияланған күні:

Бүгін Үкіметте энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту мәселесі талқыланды. Жөндеу жұмыстарына өтініш аздығынан Алматы облысы "қызыл" аймаққа енді. Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімі Марат Сұлтанғазиевтен мұның себебін сұрады, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде барлығы 62,9 миллиард теңгеге 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде құны 4 миллиард теңге болатын төрт жобаны әкімдік қаржыландырады, қалғандары "АЖК" АҚ құзыретінде. Конкурс 17 шілдеде басталды.
Әкімнің сөзінше, жылумен жабдықтау бойынша құны 2 миллиард теңге болатын екі жоба іске асырылып жатыр. Мердігерлермен келісімшарттар жасалған, жылу желілерін реконструкциялауды қарашаның аяғына дейін аяқтау жоспарланған.
Сумен жабдықтау және су бұру бойынша жалпы құны 2 миллиард теңге болатын тағы екі жоба прокуратураның ұсынысымен конкурс нәтижесінің күші жойылғаннан кейін қайта жарияланған. Жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Қайталанған конкурстың қорытындысы 25 тамызға дейін шықпақ, жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Марат Сұлтанғазиев Қаржы министрлігі бұл екі жобаны басымдығы төмен жобалар тізіміне енгізгенін айтып, премьер-министрден оларды бұл тізімнен шығаруды сұрады.
Ал премьер-министр Олжас Бектенов әкімнің баяндамасынан оның мұндай көрсеткіштер үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайтыны байқалатынын айтты.
"Сізді тыңдасақ, өзіңізден басқаның бәрі кінәлі. Жұмысты тездетіңіздер", - деді Олжас Бектенов.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2404940-premer-ministr-bektenov-almaty-oblysynyng-akimi-sultangazievti-synga-aldy/
