77 мыңнан астам отбасы баспаналы болды: "Бәйтерек" басшысы Тоқаевқа не туралы есеп берді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілетеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ақорданың мәліметінше, Рустам Қарағойшин мемлекет басшысына бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы және холдингті дамытудың негізгі бағыттары туралы баяндаған.
Кездесуде Рустам Қарағойшин инвестициялық және кредиттік портфель 14,3 триллион теңгеге жеткенін мәлім еткен. Болжам бойынша, бұл көрсеткіш 16,5 триллион теңгеге дейін артады. Бұл ретте жыл сайынғы таза пайда көлемі 400 миллиард теңгеден асады.
Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша холдингтің қолдауымен 77,5 мың, соның ішінде кезекте тұрған 11,6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етілген.
Өткен жылы 77 ірі жоба мен шағын және орта бизнеске арналған 27,4 мың жоба қаржыландырылып, экспортқа тауар шығаратын 131 кәсіпкерге қолдау көрсетілген. Ауылшаруашылық тауарларын өндіретін 7,2 мың агроқұрылым көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 11,4 мың техниканы лизингке алған.
Басқарма төрағасы жүргізіліп жатқан трансформация мен "Бәйтерек" холдингінің жаңа ұзақмерзімді даму стратегиясы туралы да айтқан. Жоба активтерді тиімді басқару, әлеуетті бизнеске қолайлы жағдай жасау және халықтың тұрмыс сапасын арттыру шараларына арналған проактивті инвестициялық холдинг моделіне көшуді қарастырады.
Бұдан бөлек, Рустам Қарағойшин президентке бірқатар инвестициялық жобаны іске асыру барысы туралы баяндаған. Жыл соңына дейін Инвестициялық кеңестің қарауына импортты алмастыруға, экспорт пен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 26 жобаны енгізу жоспарланып отыр.
Кездесу соңында мемлекет басшысы экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету, ұзақмерзімді инвестиция тарту маңызды екенін атап өтіп, шағын және орта бизнесті қолдау тетігін күшейту жөнінде міндет жүктеген. Сонымен қатар азаматтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыруға айрықша назар аударған.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2408830-77-myngnan-astam-otbasy-baspanaly-boldy-baiterek-basshysy-toqaevqa-ne-turaly-esep-berdi/
