Тоқаев бюджетті жоспарлау мәселелері бойынша кеңес өткізді: жиында президент не айтты
Жарияланған күні:

Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ұлттық экономиканы дамыту және бюджетті жоспарлау мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Іс-шараға премьер-министр Олжас Бектенов, Президент әкімшілігінің басшысы Роман Скляр, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов, премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров және қаржы министрі Мәди Тәкиев қатысты.
Кеңесте президентке экономиканың қазіргі ахуалы туралы баяндалып, 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары, 2027-2029 жылғы республикалық бюджет параметрлері жөнінде мәлімет берілген.
Талқылау барысында Қасым-Жомарт Тоқаев биыл экономикалық өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу, сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджет теңгерімділігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өткен.
Мемлекет басшысы 2027-2029 жылдарға арналған бюджеттің негізгі басымдықтарының бірі – аурухана, балаларды оңалту орталығы, мәдениет, спорт ғимараттары секілді инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар құрылысын жеделдетіп салу керек екенін айтқан.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2413836-toqaev-biudzhetti-zhosparlau-maseleleri-boiynsha-kenges-otkizdi/
