Назарбаев сыртқы саясат бойынша бастамалар жасау құқығынан айырылды: жарлыққа қол қойылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің сыртқы саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізу туралы жарлығы жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қазақстан президентінің 2026 жылғы 14 тамыздағы "Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы" Қазақстан президентінің 2020 жылғы 6 наурыздағы № 280 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" жарлығы "Әділет" НҚА ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды.
1-тарауда
Атап айтқанда, "Ағымдағы жағдайды талдау" атты 1-тараудың 4, 8 және 10-бөліктері жаңа редакцияда жазылды.
"Еліміз Тәуелсіздік жылдары халықаралық аренада ұстанымын нығайтып, бейбітшіл және ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік істерде сенімді әріптес ретінде орнықты.
Қазақстан Республикасы көпвекторлы, прагматикалық тұрғыдан және проактивті сыртқы саясатты іске асыруда, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму салаларында жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыру мен іске асыруда елеулі үлес қосуда. Бұл ретте ұлттық мүдделерді барынша және мызғымастықпен қорғауға, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық басымдықтарды сындарлы түрде ілгерілетуге басты назар аударылады";
"Үшіншіден, "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сәйкес және әлемнің дамыған отыз мемлекеті қатарына кіру бойынша стратегиялық міндетті ескере отырып, сыртқы периметрде мемлекеттің, бизнестің, Қазақстан Республикасының әрбір азаматының мүдделерін ілгерілету мен қорғауға назар аударуды күшейту қажет. Бұл – халықаралық қатынастардың қазіргі жүйесімен тығыз байланысқан қуатты, үйлесімді және әлеуметтік жауапты мемлекет құрудың негізгі шарты";
"Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді және орнықты даму стратегиясында, "Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам" ұлт жоспарында және Президенттің Қазақстан халқына жолдауларында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді ескере отырып әзірленді";, - делінген жаңа редакцияда.
3-тарауда
Сондай-ақ "Сыртқы саясаттың негізгі қағидаттары" атты 3-тараудың 1 және 2-тармақшаларына өзгерістер енгізілді.
"1) ел дамуының жаңа кезеңінде сыртқы саяси бағыттың сабақтастығы;
2) тұрақты, әділ және демократиялық әлемдік тәртіп құруға жәрдемдесу; әлемдік саяси, экономикалық және гуманитарлық кеңістікке тең құқылы интеграциялану; Қазақстан Республикасы азаматтарының және шетелде тұратын отандастардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау", - делінген жаңа редакцияда.
Сондай-ақ Сыртқы саясатты іске асыру құралдары атты бөлімшесінен мынадай екінші бөлігі алып тасталды:
"Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты өмір бойы Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға сыртқы саясаттың аса маңызды мәселелері бойынша бастамалар жасау құқығы тиесілі.
Осы бөлімшенің үшінші бөлігі жаңа редакцияда жазылды.
"Қазақстан Республикасының Құрылтайы - заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы" - делінген тұжырымдамада.
Бұған дейін үшінші бөлігі мынадай болған еді:
"Парламент еліміздің ең жоғары өкілді органы бола отырып, өзінің конституциялық өкілеттіктері шеңберінде халықаралық шарттарды ратификациялау, олардың күшін жою бойынша заңнамалық жұмыс жүргізеді".
Жаңа редакцияда одан бөлек мынадай өзгерістер енгізілді:
4-тарауда:
бірінші бөліктің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылатын болады:
"1) елдің Тәуелсіздігін, Егемендігін және аумақтық тұтастығын нығайту, сыртқы саяси бағыттың дербестігін сақтау;";
екінші бөліктің 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылатын болады:
"7) азаматтарды Қазақстан Республикасынан тыс жерде заңға сәйкес қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жетілдіру.";
5-тарауда:
"3. Адам құқықтары, гуманитарлық дипломатия және қоршаған ортаны қорғау саласындағы басымдықтар" деген параграфта:
3.10, 3.11 және 3.13-тармақтар мынадай редакцияда жазылатын болады:
"3.10. әлемдік қоғамдастықты Қазақстан Республикасының өңірлік және жаһандық саясат пен экономика мәселелері бойынша тәсілдері мен бастамалары туралы, оның ішінде Астана халықаралық форумының әлеуетін пайдаланып хабардар ету;
3.11. қазақстандық қоғамға елдің сыртқы саясатының міндеттері мен басымдықтарын, қоғамның сыртқы саяси құзыретін арттыру және сырттан келетін теріс ықпалға төзімділікті күшейту мақсатында Қазақстан Республикасының азаматтары үшін нақты нәтижелер мен пайда туралы жүйелі түрде түсіндіру;";
"3.13. шет елдердегі Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ шетел азаматтары асырап алған, шет елдерде тұратын қазақстандық балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;";
"4. Өңірлік және көпжақты дипломатия саласындағы басымдықтар" деген параграфта:
"Сыртқы саясатты іске асыру құралдары" деген кіші бөлімде:
- екінші бөлік алып тасталады;
- үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылатын болады:
"Қазақстан Республикасының Құрылтайы - заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы.";
6-тарауда
6-тараудың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылатын болады:
"1) сыртқы саяси сабақтастық стратегиясы аясында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін, оның халықаралық беделін нығайтуға;";
7-тарауда
7-тараудың 1-тармағы алып тасталады.
Жарлық қол қойылған күннен бастап, яғни 2026 жылғы 14 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2415018-nazarbaev-syrtqy-saiasat-boiynsha-bastamalar-zhasau-quqygynan-aiyryldy-zharlyqqa-qol-qoiyldy/
